Паралимпиада ойындарына Жамбыл облысынан төрт спортшы қатысады

Париж-2024 Паралимпиада ойындарына Жамбыл облысынан 4 спортшы қатысады.

Спорт басқармасының мамандары биыл жүлдеден үміт мол дейді. Себебі сайысқа бұған дейінгі Паралимпиаданың 2 жеңімпазы мен әлем чемпионы барады. Споршылардың дайындығы қалай?

Нышан Өмірәлі 12 жасынан бастап спортпен шұғылданады. 20 жыл ішінде паратаеквондодан Азия және 2 дүркін әлем чемпионы атанды. Токиодағы Паралимпиада ойындарына қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі әлемдік пара таеквондошылардың рейтінгісінде 6-орында тұр. Қазір 3 кезеңдік оқу-жаттығу жиынын аяқтап, соңғы дайындығын шыңдауда. 

Нышан Өмірәлі, паратаэквондодан 2 дүркін әлем чемпионы:

- Ойдағыдай бәрі. Алла қаласа осы Париж олимпиадасына жақсы дайындықпен барып, жүлделі орыннан көрінеміз деген үміттеміз. Ол Олимпиадаға тек қана енді іріктеулі мықты-мықты спортсмендер келеді. Әрине ойда бар жаңағы рейтингте әлем чемпионатында кездескен қарсыластарға, солардың несіне дайындалып қарсы ударлар қойып соларға дайындап жатырмыз.

Жамбыл облысынан 4 спортшы лицензия алды. Олар пара жүзуден Зулфия Ғабидулина мен Нұрдәулет Жұмағали болса, паратаеквондодан Нышан Өмірәлі. Ал жеңіл атлетикадан Салтанат Әбілқасымқызы қатысады. Мамандар спортшылардың бәсекеден медальмен келеріне сенеді. Себебі барлығы паралимпиада көрген тәжірибелі спортшылар, дейді. Жалпы аймақта 2013 жылы параспорт түрлерін қолдауға арналған клуб ашылды. Бүгінде онда сурдлимпиадалық және паралимпиадалық спорттың 16 түрі қамтылған. Спортшыларымыз биылдың өзінде едәуір жетістікке жетіп отыр. 

Нұрлан Жолшыбеков, "Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған" спорт клубы басшысының орынбасары:

- Осы ресми жарыстарда 240-қа жуық медальдарды жеңіп алып отыр. Бұл үлкен жетістік. Осы жетістікке сәйкес біздің спортышлармызға да ай сайынғы ақшалай жалақылары да төленіп отырады. Ол спорттық жетістіктеріне сай төленіп отырады. Спортшылардың жеткен жетістігіне қарап балалардың оның ішінде азаматтардың да мына спортқа қатысу құштарлығы ашылып жатыр.

Расында аймақта мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған спорт клубы ашылғанда құрамында 88 мүмкіндігі шектеулі спортшы болатын. Бүгінде олардың саны 359-ға жетті. Оның 153-і ұлттық құрамада өнер көрсетуде. Айта кетерлігі, Қазақстан Паралимпиада ойындарына спорттың 9 түрі бойынша 33 лицензия жеңіп алды. Жарыстар тамыздың 28-і мен 8 қыркүйек аралығында өтеді. 

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә