Тоқаев АЭС құрылысы туралы: Халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет

Бүгінгі референдумның қорытындысы бойынша халық АЭС салу мәселесін қолдайтын болса, онда оның құрылысын ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум атқаруы тиіс.

Бүгін ел қатарлы таңдауын жасаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент өз учаскесінде дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, бірқатар көкейтесті сұрақтарға жауап берді.

Бүгін жексенбінің таңымен таласа жұртшылық өздері тіркелген дауыс беру учаскелеріне барып, конституциялық құқықтарын пайдаланып жатыр. Жалпыұлттық референдумда отандастарымыз Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты өз таңдауын жасауда. Дауыс беруге бүгін мемлекет басшысы да Президент орталығында орналасқан №211 референдум учаскесіне келді. Мұнда Президент келді деп абыр-сабыр болған жоқ. Халық арасында жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев та ел қатарлы кезегін асықпай күтіп, өзге азаматтардан соң құжатын тапсырып, кейін тиісті таңдауын жасады.

Аягөз Сатина, №211 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі:

- Бүгін маңызды күн біздің елімізде, референдум болып жатыр. Елімізде тыныштық болсын және де бір ең қобалжығын сәт болды, ең басты, ең бірінші адам осы үстелге келіп, бюллетень алып, қол қойып жатыр. Соған қуанамыз. Қобалжыдым, бірақ ол да кәдімгі адамдар секілді келіп, бюллетень алды. Мен оны мерекемен құттықтадым.

Президент дауыс берген учаскеге бүгін Базарбай Оразхан да өз отбасымен келген. Орайлы сәтті пайдаланған балалары мемлекет басшысымен тілдесіп, естелік суретке түсті. 

Базарбай Оразхан, қала тұрғыны:

- Бүгін референдумға келіп, өзіміздің ұстанымымызды көрсетейік деп жанұямызбен келген жағдайымыз бар. Осы сәтте Президентіміз келіп Қасым-Жомарт Кемелұлы. Біз де естелік суретке түсуге мүмкіндік туындады. Сөйтіп естелік суретке түскен жайымыз бар. 

Раяна Артықбай, қала тұрғыны:

- Ең күшті сәт болды деп ойлаймын. Мен өте қатты қобалжыдым, бірақ барлығы жақсы болды. Мен өзімді күшті сезіндім және осы Президентпен амандасқаныма алғысым шексіз. Телевизордан әшейін көресің ғой. Ал прям өзің көргенде күшті сезімдесің. Өте қарапайым екен.

Қ.Тоқаев: Бұл тағдыршешті оқиға

- Қасым-Жомарт Тоқаев өз таңдауын жасағаннан кейін БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Ең әуелі референдум туралы пікір білдіріп, одан қандай нәтиже күтетінін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін тарихи күн. Халқымыз АЭС бойынша бұл үлкен маңызды мәселе. Бұл мәселе бойынша дауыс беріп жатыр. Жалпы референдум деген – бұл тікелей демократияның өте тиімді, өте маңызды құралы, тетігі деп айтуға болады. Сондықтан бүгін халқымыз қандай шешім қабылдаса, мемлекетіміздің түпкі байламы да солай болады. Нәтиже оң болады деп ойлаймын. Шын мәнінде, бұл – тағдыршешті оқиға. Келешекте осындай оқиғалар неғұрлым көп болса, біздің халқымыз үшін, еліміз үшін соғұрлым жақсы болады деп мен ойлаймын. Себебі, халқымыз осындай өте маңызды мәселелер бойынша дауыс беруі керек. Сондықтан мен референдумды қолдаймын.

Ел көкейінде жүрген басты бір сұрақ бар. Егер жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша халқымыз АЭС салу мәселесін қолдайтын болса, онда оның құрылысын қай мемлекет жүргізеді. Әлеуметті толғандырған сұрақты журналистер Президенттен сұрап білді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл оңай мәселе емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді.

Қ.Тоқаев: Қазақстан ешкімнің көмегінсіз тасқынның салдарын еңсере алды 

- Биылғы көктем ел үшін өте ауыр болды. 80 жылда болмаған алапат апат орын алып, Қазақстанның 10 аймағын су басты. Осы өңірлерде төтенше жағдай жарияланып, ел болып жұмыла әрекет етіп, қарғын сумен күрестік. Қазір Президент тапсырмасына сай зардап шеккендерге толық көмек көрсетіліп, баспанасынан айырылған отандастарымызға жаңа үйлер салынып берді. Сол алапат су тасқыны болған кезде мемлекет басшысы тиісті қорытынды шығаруымыз керектігін айтып, жіберілген олқылықтарды түзетіп, сабақ алуымыз қажеттігін мәлімдеген болатын. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тиісті қорытынды жасалды. Бірақ мұндай табиғат апаты бүкіл жер шарында орын алып жатқанына баса мән беруіміз керек. Жақында ғана Орталық Еуропада алапат тасқын өтті. Оның алдында АҚШ пен Вьетнамда дауыл болды. Сондықтан мұндай апаттарды алдын ала болжау қиын. Дегенмен ондай жағдайға дайын болып, қажетті шаралар қабылдау маңызды. Қазақстан ешкімнің көмегінсіз тасқынның салдарын еңсере алды. Мұны ашық айту керек. Біз адам және қаржы ресурстарын осы іске жұмылдырдық. Үкімет пен әкімдер белсенді жұмыс істеді. Оның нәтижесін көріп отырсыздар. Алапат тасқын кезінде зардап шеккен азаматтар жаңа баспанамен қамтылды. Мен бұған дейін ешкім назардан тыс қалмайды деп уәде бердім. Жалпы алғанда, біз бұл мақсатты орындадық.

Қ.Тоқаев: үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек

Елдегі қазіргі Үкімет өз қызметін 7 ай көлемінде атқарып келеді. Соңғы кезде қоғам арасында осы референдумнан кейін ауыс-түйістер болады деген болжамды пікірлер айтылып жүр. Дегенмен, Президент бұл көп уақыт емес екендігін жеткізіп, Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек. Ең басты міндет – ел экономикасының дамуына серпін беретін мүмкіндіктерді іздеу – деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің ойымша, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қойған міндеттерімді орындауға тырысады. Жұмысымыз өте қауырт. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына көріне бермеуі мүмкін. Ақпараттарды жан-жақтан алып отырамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Сондықтан елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын. Министрлердің және Үкіметтің жұмысында кемшін кетіп жатқан тұстар болса, әлбетте, ескертемін. Жеті ай деген көп уақыт емес. Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек. Ең басты міндет – ел экономикасының дамуына серпін беретін мүмкіндіктерді іздеу.  

Қ.Тоқаев: дарынды жастарды қолдауымыз керек 

Мемлекетіміздің келешегі жастардың қолында. Бұл жәй ұран емес. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа әрдайым қолдау білдіретіндігін айтты. Ал халықаралық додаларда жеңіске жеткен жастарды Президенттің үнемі қолдап жүретіндігінің астарында терең мән жатқандығын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мәні терең. Себебі мен жастарды қолдаймын. Мұны үнемі айтып келемін. Мемлекетіміздің келешегі – жастардың қолында. Ол жәй ұран емес. Бұл біздің басты саясатымыз. Сондықтан келешекте де біз жастарды қолдаймыз. Оларға жәрдем береміз. Әсіресе, дарынды жастарды қолдауымыз керек. Кеше ғана мұғалімдерге, ұстаздарға марапат табыстадым. Өз сөзімде мұғалімдер бұл қоғамымыздың озық тұлғалары екенін айттым. Олар дарынды жастарға білім беріп жатыр. Сондықтан жастарды да, оларды оқытып жатқан мұғалімдерді де мемлекет қолдайды. Сонымен қатар мен кеше ғана ұстаздар қоғамымыздың басты кейіпкері болуы керек екенін айттым. Сондықтан оларға жәрдем беріп, ұстаздардың беделін, қоғамдағы мәртебесін көтереміз. 

Президент референдумда дауыс берді

Жалпы айта кету керек, АЭС салу мәселесіне қатысты Президент республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа осыдан бір ай бұрын қол қойған болатын. Ал оған дейін халық арасында тиісті талқылаулар өткізілген еді.

Риат Шони, Марат Диханбаев