Ақтөбеде қайтарылған активтер қаржысына балабақша салынады
Қайтарылған активтердің тағы 8 млрд теңгесі әлеуметтік нысандарға бағытталды, деп хабарлайды 24KZ. Үкімет Президент тапсырмасымен бұл жолы Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салуға шамамен 7,8 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Балабақша 300 ерекше балаға арналған.
Мекеме балғындарды оқытып, дамыту үшін барлық қажетті заттармен жабдықталады. Облыста бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін 3-тен 6 жасқа дейін 2523-тен астам бүлдіршін бар. Олардың 1320-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Қазір облыс бойынша 4 арнайы түзету балабақшасы жұмыс істеп тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайтарылған активтер қаражаты есебінен әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландыру жалғасады.
Жадыра Дүйсенғали, ерекше баланың анасы:
- Балабақша болса, ол бала қоғамға үйренер еді. Күн тәртібіне, ережеге үйренеді. Логопед, дефектолог, АФК сабағы, бәрі бір жерде болар еді. Таңнан кешке дейін қала кезіп жүрмес едік. Балабақша неғұрлым көбейсе, балалардың мүкістігі азаяр еді. Президентіміздің қолдауымен осындай ерекше балаларға балалақша көп салынса, бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
Ардақ Мырзағали, Ақтөбе облысы білім басқармасының бас маманы:
- Ақтөбе қаласындағы арнайы балаларға орын тапшылығына байланысты 1203 бала бала мектепке дейінгі ұйыммен қамтылмаған. Олар орын күтіп отыр. Бұл мәселенің шешімін табу үшін қаржы да табылып отыр. Бұл осы балалардың білім мен тәрбие алуына толық мүмкіндік береді деп ойлаймын.