Қазақстанда биыл 7,5 мың шақырым жол жөнделді

Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Қазақстанның логистикалық әлеуеті жоғары. Сондықтан көлік инфрақұрылымын дамыту үлкен маңызға ие, деп хабарлайды 24kz.

Ел де жол салуға машықтанып қалды. Қазір халықаралық дәліздерде ірі жобалар іске асып жатыр.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Автожолдарға кейінгі жылдары баса көңіл бөліне бастады. Мәселен, былтыр 10 мың шақырымнан астам жол жөнделсе, биылғы меже – 12 мың шақырым.

Президент Ұлттық құрылтайда Үкіметке көлік инфрақұрылымын жаңғырту және логистикалық әлеуетті арттыру жөнінде тапсырма берген еді. Былтыр елде 10700 шақырым жол жөнделді. Биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай өсті. Яғни, 12 мың шақырым жолды жөндеп, қайта төсеу міндеттелді. Мұның ішінде 3 мың шақырымнан астам жолды жаңадан салу, 5 мың шақырымға жуық республикалық маңыздағы жолды күрделі және орташа жөндеуден өткізу көзделді. Сондай-ақ 4 мың шақырымнан астам жергілікті маңыздағы жолдар жөндеуден өтуге тиіс. Көлік министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде 7,5 мың шақырымда жұмыстар аяқталды. Оның ішінде негізгі халықаралық көлік дәліздері бойынша жобалар мәреге жетті.

Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:

- Қарағанды мен Алматының арасында, Талдықорған мен Өскеменнің арасында, Ақтөбе мен Қандығаш және Атырау – Астрахань сияқты дәліздерде негізгі асфальт жұмыстары аяқталып, жол қозғалысы толықтай дерлік қамтамасыз етілген болатын. Сонымен қатар көптен күттірген еліміздегі үлкен жобалардың бірі – Түркістан облысының Шақпақ баба асуындағы туннельдің құрылысы биыл толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірдің аяқталып, қазіргі кезде толықтай қолдауға берілді.

 

2030 жылға дейін 5 мың шақырым жол салынады

Ал 2030 жылға дейін жалпы ұзындығы 5 мың шақырымға жуықтайтын бірнеше жоба жүзеге асады. Келесі жылы Ақтөбе – Ұлғайсын, Қызылорда – Сексеуіл, Жаңаөзен – Кендірлі және Атырау – Доссор арасында жол құрылысы басталады. Бірнеше өңірде айналма жолдардың құрылысы қолға алынады. Астанадан Қостанай арқылы Ресей шекарасына дейін баратын күрежол құрылысы басталып, Атырау мен Орал арасындағы жол орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар Жезқазғанды Қызылордамен және Қарағандымен жалғайтын жолдарда жұмыс қызады.

Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитеті басқармасының басшысы:

- Қарағанды мен Жезқазған арасында да қазір конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Бұл жерде де біздер келесі жылдары реконструкция жұмысын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жерде енді жаңағы EPC контракт деп аталатын болады бұл жаңағы контракт. Бұл жерде мердігер анықталып, жобаны өзі жобалайды. Құрылысын салады, сосын жеті жылға деййін осыны күтіп ұстау сияқты механизмді қазір қарастырып жатырмыз. Бірінші санатты техникалық санатта болады. Бұл жерде енді учаскеге бөлінеді. Сондықтан нақты уақытын айту қиындау. Учаскеге, мердігерге, жаңағы құрылыс жұмыстарының уақытында басталуына байланысты.

 

Батыстағы жол сапасы нашар

Сондай-ақ жергілікті маңыздағы жолдардың жай-күйіне ерекше назар аударылып отыр. Қазір елдегі жергілікті жолдардың ұзындығы 70 мың шақырым. Көлік министрлігінің ақпараты бойынша оның 87%-і нормативтік талапқа сай. Өңірлер арасында қарастырсақ, жол сапасы жақсы аймақтар рейтингінде 98%-пен. Жамбыл облысы көш бастап тұр. Бұдан кейін 97%-ке ие Маңғыстау облысы мен 94%-ті межелеген Павлодар облысы орналасқан.

Ал жол сапасы елдің батысында нашар. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың 52% ғана нормативтік талаптарға сай келеді. Сонымен қатар Ақтөбе мен Атырау облыстарында жол жағдайы айрықша назар аударуды қажет етеді.

Жыл соңына дейін 3900 шақырым жолды жөндеу жұмыстары аяқталады. Соның арқасында нормативтік талапқа сай жергілікті жолдардың үлесі 89%-ке жетеді. Ал 2029 жылға дейін 14 мың шақырымнан аса жол жөндеуден өтеді деген жоспар бар.