Астанада ҰҚШҰ кеңестерінің бірлескен отырысы өтті

Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери-саяси ахуал және ұйымның сессияаралық кезеңдегі қызметі талқыланды, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі және Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтті. Кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге айрықша назар аударылды. Яғни, тараптар Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы ахуал бойынша пікір алмасты. Іс-шара соңында ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне қол қоюға шығарылатын құжаттардың жобалары мақұлданды.

Олардың қатарында – кеңес декларациясы, Екінші дүниежүзілік соғыс Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме және іс-шаралар жоспары бар. Сондай-ақ әскери және басқа да мүлікті, әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы халықаралық шарттар, одақтастық қатынастарды одан әрі нығайту туралы шешімнің жобасы мақұлданды.

Айта кетейік, келесі жылы ұйымға Қырғыз Республикасы төрағалық етеді. Кеңестердің ендігі отырысы алдағы жылдың бірінші жартысында Қырғызстанда өтеді.