Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды
Президент AIemai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды.
Бұл нысан елімізді жасанды интеллектке бағдарланған мемлекетке айналдыру мақсатында құрылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айтуынша, орталық жанынан ашылатын мектептерде жыл сайын мыңнан астам оқушы білім алады. Сондай-ақ жоғары білікті мың маман даярлау жоспарланып отыр. Мемлекет басшысына инкубация және акселерация бағдарламаларына қатысып жатқан келешегі зор отандық стартап жобалар мен компаниялар туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Tik-Tok және Netraсker компанияларының еліміздегі қызметі туралы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты ойымен бөлісіп, Қазақстанның ІТ сектордағы әлеуеті зор екенін атап өтті.