Қ.Тоқаев: ЖИ пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек

фото: akorda.kz

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект негіздерін оқитын болады, деп хабарлайды 24kz.

Тың технологиялар алдағы уақытта шешімдерді неғұрлым ұтымды қабылдауға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға көмектеспек. Сонымен қатар студенттер мен оқушыларға арналған курстарды ұйымдастыру жоспарланған. Мұның барлығы жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тапты. Бүгін Үкімет осы құжат аясында қандай жұмыстар атқаратындығын Президентке баяндап, жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер мен AIemai халықаралық орталығы таныстырылды.

Риат Шони, тілші:

- Бүгінде жасанды интеллект Қазақстанның түрлі салаларында қарқынды дамып, ел экономикасына айтарлықтай үлес қосуда. Бұл технологиялар өз мүмкіндіктерін медицина, білім беру және ауыл шаруашылығы секілді маңызды секторларда көрсетіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етіп келеді. Қазір өндіріс орындарында қолданылатын интеллектуалды жүйелер шикізатты үнемдеуге, шығындарды азайтуға және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

5 жыл бұрын Қазақстан жалпы құны 30 млн доллардың IT өнімдерін экспорттаса, қазір бұл көрсеткіш жарты млрд-тан асты. Елде білімді жастардың қатары артып келеді. Мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Биыл күзде Астана хаб базасында «Tomorrow School» жасанды интеллект мектебі ашылған. Бұл Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестіктің жемісі.

Жанерке Игібаева, Astana Hub басқарушы директоры:

- Қазіргі таңда біз Tomorrow School мектебін аштық. Ол мектепте кез келген адам бағдарлама тілін білмей-ақ осы мектепке қатысып, оқып өзін ары қарай ЖИ саласында өз мамандығын табуға үлес қоса алады. Келесі жылдан бастап осы мектепті масштабтауға түрлі іс-шаралар дайындалған. Олардың бірі – 2025 жылдан бастап біз негізі осындай 14 мектеп ашуға көзделіп отырмыз. Соның ішінде 7-еуі Қазақстан бойынша, қалған 7-еуі Орталық Азия бойынша.

Бұл мектептің ерекшелігі – мұнда дәріс оқып, сабақ беретін мұғалімдер жоқ. Яғни студенттер бір-бірімен тәжірибе алмасу арқылы өз беттерінше білім алады. Әрі жасанды интеллектінің алғышарттарын меңгеру үшін қандай да бір техникалық білімнің болуы міндетті емес. Бастысы оқу тегін жүреді.

Әйгерім Оңалбаева, Tomorrow School студенті:

- Бұл жерде оқыту моделі peer to peer деп аталады. Ешқандай да ақпарат алдын ала берілмейді, белгілі бір мұғалім жоқ. Мұнда өзімізбен қатар басқа қатысушылармен бірге ізденіп, ақылдасып, шешу. Соған негізделген. Маған жоба ретінде тапсырма берілді. Соны шешудің жолдарын біз іздейміз, табамыз сол арқылы үйренеміз. Жасанды интеллектіні жақсы үйреніп жатсам осы әлеуметтік мәселелерді шешуде қолдансам ба деген ниетім бар.

Бүгін осы жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер мен AIemai халықаралық орталығы Президентке таныстырылды.

Мемлекет басшысына таныстырылған отандық өнімдер сан саладағы түрлі міндеттерді шешуге бағытталған. Мәселен, новаторлар ұсынып отырған мына жоба медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдете түседі. Жобаның артықшылығы сол жасанды интеллект миллиондаған ықтимал антидене нұсқаларын талдап, ең тиімдісін тауып береді. Бұл қатерлі ісікке қарсы немесе жұқпалы ауруларды емдейтін дәрі-дәрмек шығару ісінде таптырмас көмек.

Болат Сұлтанқұлов, Arlan Biotech компаниясының негізін қалаушы:

- Қазір фармацевтикалық компаниялар 1 препаратты шығару үшін 1 млрд доллар жұмсайды. Оның 700 млн-ы сол дәрінінің емдік қасиетін іздеуге кетеді. Біз ұсынып отырған шешім айлар немесе жылдарға созылатын процесті бірнеше аптаға дейін қысқартады. Өйткені жасанды интеллект деректерді өңдеуді жылдам әрі дәл орындайды.

Қазір жасанды интеллект мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де кеңінен қолданылып келеді. Қазір Telegram, TON, Tether, Google сынды көптеген әлемдік ІТ-индустрия өкілдіктерінің кеңселерін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты өз ойымен бөлісіп, Қазақстанның ІТ сектордағы әлеуеті зор екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Білім мен инновацияға негізделген экономика құру қажет. Технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін ең алдымен адам капиталы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға баса мән беру маңызды. Қазіргі заманда онсыз болмайды. Себебі қазір күллі әлем жұртшылығы цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр деуге болады. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет.

Мемлекет басшысы биыл халыққа арнаған Жолдауында ұлттық жасанды интеллект орталығын құру туралы бастамасын көтерген болатын. AIemai – сол идеяның жемісі. Енді Президент бұл орталыққа халықаралық мәртебесін беріп, оны жасанды интеллектті дамытатын басты институтқа айналдыру қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Alemai халықаралық орталығы жасанды интеллект қозғалысының темірқазығына және Қазақстанның цифрлық трансформациясының символына айналуға тиіс. Бұл алаң еліміздегі ең мықты мамандардың басын қосып, әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды жинайды. Мұнда ғылыми және тәжірибелік-конструкторлық зертханалар, бағдарламалау мектебі және халықаралық технологиялық компаниялардың кеңселері орналасады. Astana Hub пен Alemai нағыз инновациялар фабрикасына айналуға тиіс. Ол үшін халықаралық серіктестерді тартқан жөн. Ғылыми зерттеулерге қолдау білдіріп, экономиканың басты бағыттарына, білім беру және әлеуметтік салаларға арналған шешімдер ойлап табу қажет.

Жасанды интеллектіні дамыту ісі елде оң жолға қойылған. Президент тапсырмасына сай Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдаманы да қабылдады. Ендігі міндет – институционалдық орта қалыптастыру. Яғни жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құру. Оның құрамына жетекші халықаралық сарапшылар кіруі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл қадам біздің институционалдық ортаны үздік әлемдік стандарттармен үйлестіруге мүмкіндік береді. Парламент депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасына бастамашы болғаны мәлім. Заңды әзірлеу жұмысына мұқият қараған жөн. Нейрожелілер үлкен мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймайды, сондай-ақ оның қауіп-қатері де бар. Мәселен, қазір жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін ақ-қарасын ажырату қиын фейктер жиі жасалады. Сондықтан жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдану қағидаттарын, этикалық аспектілерін заң жүзінде бекіту керек. Сондай-ақ оның дамуы мен қолданылуы барысында ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету қажет.

Тағы Президент деректерді сапалы цифрлық форматқа көшіру және жүйелеу ісіне назар аударды. Бұл ретте Үкіметке ақпарат жиынтығын қалыптастыру бағытында шара қабылдауды да тапсырған болатын. Мемлекет басшысының сөзінше – ол мемлекеттің, бизнестің және қызығушылығы зор азаматтардың жасанды интеллект модельдерін ойлап табуына, білім алуына және дамуына жол ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл салада тыңғылықты атқарылған істің бір мысалы – KazLLM тіл моделі. Біз жасанды интелектті қазақша ойлауға, сараптауға және сөйлеуге үйреттік. Бұл айтарлықтай жетістік қазақ тілін цифрлық ортада дамыту үшін зор мүмкіндік береді. Басталған үлкен істі жалғастыру керек. Алдымызда түрлі сипаттағы деректерді бір мезетте қолдана алатын қазақ тілінің мультимодальды тілдік моделін жасау міндеті тұр. Үкіметке осы бағыттағы жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалану. Бұл қазір дамыған елдер мен дамушы мемлекеттердің алға қойған басты мақсаттарының бірі. Қазақстанда алдағы 5 жыл ішінде 1 млн адамды осы жасанды интеллект дағдыларын үйрету жоспары тұр. Президент оқушыларға, студенттерге, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге арналған бағдарламаға барынша қолдау көрсетілуге тиіс екендігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- ЖИ технологиялары саласындағы отандық және халықаралық білім беру бағдарламалары еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға үлес қоса алады. Үкіметке жасанды интеллект бағытында маман даярлауға арналған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Аталған бағдарлама оқу, зерттеу және стартаптарды әзірлеу үдерістері тоғысатын динамикалық экожүйені қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін қолданған дұрыс. Жасанды интеллекттің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек. Оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждаһаттықпен түсіндірген жөн.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- 1 млн ішінде біздің болжамымыз бойынша 500 мың мектеп оқушылары, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік органдардың қызметкерлері, 80 мың корпорацияларда, банкілерде, телеком операторларда, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» холдинг қызметкерлері және де 30-50 мың ол басқа салалардың мамандары. Бұл жоба пилоттық режимде іске асырылды.

Қазақстанның инновация мен озық технологияны дамыту ісінде көш бастауға мол мүмкіндігі бар. Бұған Президент сенім білдірді. Ол үшін Үкімет азаматтардың жасанды интеллектті күнделікті қолдануына арналған механизмдерді енгізу шараларын қабылдауы керек. Тағы саланың инфрақұрылымын дамыту мәселесін де шешу қажет. Сол себепті Мемлекет басшысы Үкіметке дата-орталықтар салу үшін ірі халықаралық компанияларды тартуға, сондай-ақ киберқауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған тиісті жағдай жасауды тапсырды.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев