«Қазақстан халқына» қоры 103 қайырымдылық жобаны қаржыландырған

Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қорының төрағасын қабылдады, деп хабарлайды 24kz.

Болат Жәмішевтің айтуынша, қор үш жылда жалпы сомасы 230 млрд теңге болатын 103 қайырымдылық жобаны қаржыландырған. Ауыр сырқатқа шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 461 адамға, соның ішінде 342 балаға 57,7 млрд теңге бөлінген. Бес онкологиялық орталық пен балаларға қызмет көрсететін 22 нейрохирургия бөлімшесіне заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ әлеуметтік қолдау бағытында аутизм белгілері бар балаларға арналған 7 орталық, өңірлерде 6 оңалту орталығы пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы 20 орталық іске қосылады. Ал тірек мектептердің әлеуетін дамыту жобасы аясында 135 ауыл мектебі жаңғыртылды. Қор қолдауымен елді мекендердегі 100 балалар спорт залы жабдықталды. Болат Жәмішевтің айтуынша, қор тасқыннан зардап шеккен жандарға қолдау көрсетіп, бес облыстағы 627 үйдің құрылысын қаржыландырды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорының жұмысын жоғары бағалап, оның қоғам дамуы мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудағы маңызын атап өтті.