Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновті қабылдады

Биыл елдегі жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4 пайызға жетті.

Әсіресе ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік және өңдеу өнеркәсібі сынды салалардың серпілісі жоғары. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Үкімет басшысының айтуынша, экономиканың өсіміне мұнайдан тыс салалардың дамуы арқылы қол жеткізілді. Отандық өндірушілерді қолдап, терең өңдеуді өркендетуге басымдық берілген. Нәтижесінде өңделген тауар экспорты 10 пайызға өсіп, 23 миллиард доллардан асты. Ал тауар импортының көрсеткіші 3,3 пайызға азайды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,1 пайызға ұлғайған. Бұл орайда шикізаттық емес салаларда айтарлықтай өсім бар. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түліктің бағасын бақылауды тапсырды. Одан бөлек өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларындағы оң динамиканы сақтау міндетін жүктеді.