2025 жылы ЖІӨ 5,5%-ке дейін өседі
Жаңа жылдан бастап микронесиені онлайн рәсімдеу қиындайды. Қарыз алушыдан міндетті биометрия мен электрондық қолтаңба алынады. Сондай-ақ 1 қаңтарда банк-аралық QR төлем қызметі қолжетімді болмақ. Оның игілігін кімдер көреді?
Еуразиялық даму банкінің болжауынша, келер жылы елдің ЖІӨ 5,5%-ке дейін өседі. Ал межелі мақсатқа жетуге ынталандырушы бюджеттік саясат, пайыздық мөлшерлемені төмендету, Теңіз кен орнында мұнай өндірісін арттыру, сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ықпал етеді. Сарапшылар инфляцияны да айналып өтпеген. Олар жоғары пайыздық мөлшерлеме біздегі ахуалды 7,3% деңгейінде ұстауға мүмкіндік бергенін айтты. Сарапшылардың пайымынша 2025 жылдың екінші жартысында Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені төмендетете бастайды. Жыл соңында 11,25%-ке жеткізеді. Жалпы Еуразиялық банк сарапшылары 2025–2027 жылдары жаһандық экономиканың баяу дамитынын болжап отыр.
Қазір елдің ЖІӨ 4,4% деңгейінде. Оның басым бөлігін ауыл шаруашылығы, өндіріс, құрылыс және сауда салалары қамтыды. Десе де мұнайға тәуелділік әлі бар. Бұл бағыт экспорттық табыстың 65% қамтып отыр. Бюджетке түсетін салықтың 35-40% осы салаға тиесілі. Мамандар мұнай 2050 жылға дейін экономиканың басты драйвері болып қала беретінін айтады.
Бірыңғай QR-код
Елде қолма-қол ақшасыз операциялар еселене түспек. Жаңа жылдан бастап бірыңғай QR-код кең қолданысқа енгізіледі. Ұлттық банк ұсынған жоба аясында тұтынушыларға кез келген банк терминалы арқылы жылдам төлем жасауға мүмкіндік туады. Экономистер «жаңашылдық банктер үшін де тиімді», - дейді. Өзара бәсекелестік пайда болады. Әсіресе кішігірім қаржы ұйымдары жеңілдігі бар несие немесе бонустық шарттар ұсынуға мүмкіндік алады. Осылайша клиенттік базасын жаңартады. Қарашада басталған пилоттық жобаға екі ұйым қатысты. Енді елдегі 20 банк түгел қосылады. Бірыңғай QR-код қолданысқа енген соң кәсіпкерлерлер де бірнеше төлем қабылдау құрылғыларының шығынын азайта алады.
Жанар Самаева, ҚР Ұлттық банкі Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы:
- Қазір тұтынушылар тауарды сатып алғанда тек сол дүкенде тұрған банк терминалы арқылы төлеуі тиіс. Яғни бір банк терминалы екіншісінің төлемін қабылдай алмайды. Ал бірыңғай QR-код бойынша енді тұрғындардың сауда жасауы үшін ешқандай шектеу болмайды. Олар өзінің қалаған банкі арқылы төлем жасайды.
МҚҰ омбудсмені іске кірісті
Елде микроқаржы ұйымдарының омбудсмені іске кірісті. Ол азаматтардың мерзімінен кешіктірілген берешек т.б. мәселелерін сотқа жеткізбей шешуге септеспек, мұндай қызмет кез келген клиентке тегін көрсетіледі. Ал 1 қаңтардан бастап онлайн микронесие рәсімдеу қиындайтын сыңайлы. Қарыз алушыдан міндетті биометрия талап етіледі. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов микроқаржылық ұйымдардың банк есепшотының клиентке тиесілі екенін анықтап алуы қажеттігін де ескертті. Яғни үшінші тұлғаның атынан қарыз рәсімдеу мүмкін болмайды. Жалпы бұл секторда мерзімінен кешіктірілген берешек көп. Жыл басынан бергі көрсеткіш 6%-ке өскен. Ал кіріс 32%-ке төмендеп, 72 млрд теңгеге жеткен. Микроқаржы ұйымдарының қарыз портфелі жыл басынан бері 197 млрд теңгені құрады. Сынға шыдамай, банкрот болған ойыншылардың да қатары артты. Қазір елде 218 микронесие беретін компания бар. 1 шілдеден бері бөлшек мәселелі қарыздарды коллекторларға сатуға тыйым салынды. Мораторий 2026 жылдың 1 мамырына дейін жалғасады.