Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады
Елде Қаламқас-теңіз жобасын жобалау басталды. Кен орнының құны 6,4 миллиард долларға жетеді. Сондай-ақ былтыр Торғай Палеозой, Қаратон Подсолевой, Қаражар және Тайсойған ұңғымаларында бұрғылау басталған.
Мұндағы мұнай қоры 800 миллион тоннадан асады. Бұл туралы Президентке есеп берген «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді. Оның айтуынша, өндіріс және тасымалдау көлемі айтарлықтай артқан. Қасым-Жомарт Тоқаевқа 17 миллион тоннадан аса мұнай өңделгені де баяндалды. Битум өндірісін де арттыру қолға алынды. Оған қоса елде полиэтилен зауытының құрылысы басталды. Құны 7,4 миллиард долларға бағаланған кәсіпорын жылына 1 миллион 250 мың тонна өнім шығара алады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына өңірлердегі әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы баяндалды. Мәселен, компания Маңғыстау облысында су тұшыту зауыты салып жатыр. Бұл кәсіпорын Жаңаөзен қаласының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ гибридті электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Кездесу соңында Президент сала серпілісіне қатысты бірқатар тапсырма берді.