БҚО-да көктемгі су тасқынына қарсы қызу дайындық жүріп жатыр

Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне қызу дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Жайық өзенінің бойы бекітіліп, қарғын қаупі бар аумақтарға 54 қорғаныс бөгеті тұрғызылды. Жағдай ушықса, 2 мыңға жуық техника мен 4 мыңнан астам маман жұмылдырылады. «Казгидрометтің» болжауынша, биыл да апат қаупі бар. Қаңтар айында жауын-шашын мол жауды. Салдарынан Тасқала, Сырым, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек және Орал қаласында қалыңдығы 2 см болатын мұз жабындысы пайда болды. Ауа райы күрт жылып, жаңбыр жауса наурыз айында жағдай ушығуы мүмкін. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев су тасқыны кезеңі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтті. Су қоймалары мен тоғандардың жағдайын бақылап, су өткізуді қамтамасыз ететін арналарды тазалауды тапсырды. Сонымен қатар су тасқынын жоюға арналған күш пен құралдардың, қорғаныс бөгеттерінің дайындығын қамтамасыз етуді міндеттеді.