Мемлекет басшысы «Қазпоштаның» басқарма төрағасын қабылдады
Соңғы 2 жылда «Қазпошта» таза табыс тауып, бюджетке 45 млрдтеңге көлемінде салық және баж алымдарын төледі.
Сондай-ақ қазір компания Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісі бойынша алғаш рет ең үздік 50 пошта операторының қатарына еніп отыр. Бұл туралы «Қазпошта» басқарма төрағасы Әсел Жанасова Мемлекет басшысының қабылдауында айтты. Ол былтырғы атқарған қызметінің нәтижелерін баяндап берді. Бүгінде «Хоум-пост» жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Оның аясында үй жанындағы дүкендер аумағында тапсырыстарды беруге арналған 180 пункт ашылған. Сонымен қатар алдағы уақытта Ақтөбе әуежайында мультимодальді қойма салынуы мүмкін. Аумағы 15 мың шаршы метр болатын бұл нысан түркиялық компаниямен серіктестік негізінде бой көтереді деп жоспарланып отыр. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның қаржылық жағдайын жақсарту, еліміздің ТМД-ға бағытталған көлік-логистика әлеуетін электронды сауда саласында дамыту және цифрлық шешімдер енгізу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.