Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеудің алдын ала есебінде не айтылған?
Көлік министрлігі Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer-190 ұшағымен болған оқиғаны тергеу туралы алдын ала есепті жариялады.
Ұшаққа зақым келгені анықталды. Баяндама 53 беттен тұрады. Қорытынды есеп ұшақ апатына қатысты зерттеу жұмыстары аяқталған соң жарияланады.
Көлік министрлігі жариялаған тергеудің алдын ала есебі 53 беттен тұрады. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, бөгде металл затпен ұшақтың артқы және төменгі бөлігіне зақым келген. Әуе көлігінің сол жақ қанатында да осы тектес зақымдану бар. Есепте көрсетілген фотосуреттер бұған дәлел. Апаттың себебін тергеу жұмыстары бір айдан астам уақытқа созылды. Естеріңізде болса Әзербайжан авиакомпаниясының ұшағы 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ол Бакуден Грозныйға бағыт алды, бірақ басқаруды жоғалтып, діттеген жеріне жете алмады.
- 3-гидрожүйедегі қысым 0 PSI-ге дейін төмендеді. 3-гидрожүйедегі сұйықтық деңгейі 0%-ға дейін төмендеді. Басқару рульдері нольдік күйде
- 1-гидрожүйедегі қысым 0 PSI-ге дейін, сұйықтық деңгейі 0%-ға дейін төмендеді. Бортсерік, алло, не боп қалды?
«2 орындық жарылды, мен... келе алмаймын, өйткені жолаушылар орнынан тұрып кетті, соларды отырғызып жатырмын.
Экипаж мүшелері таңғы сағат 5-тен 13 минутта өткенде қиындыққа ұшырады. Соққы болды, автопилотты өшірудің дыбыстық дабылы іске қосылды. Металл заттар гидравликалық жүйелерді зақымдады. Олардан сұйықтық ағып кетті, бұл рульдің істен шығуына себеп болуы мүмкін. Есепте Грозный, Ростов және Ақтау әуежайларының диспетчерлерімен экипаждың келіссөздері де баяндалған. Экипаж басқаруды жоғалтып жатқанын хабарлайды. Рульдік басқару істен шыққаннан кейін арада жарты сағат өткен соң ұшақты Ақтауға қоныдыру туралы шешім қабылданды. Бірақ жермен соқтығысу тіркелді. Ұшақ бірнеше бөлікке бөлінді. Пилоттық кабиналар мен ұшақтың оң қанат бөлігі отқа оранды. Бортта 67 адам болған. Оның алтауы Қазақстан, қалғандары Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан азаматтары. Өкінішке орай, 38 адам қаза тапты. Осы тұста айта кеткен жөн Қазақстан тарапы барынша шапшаң әрекет етті. Құтқарушылар тез арада өртті сөндіріп, зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілді. ТЖМ қызметкерлерінің кәсібилігінің арқасында 29 адам аман қалды.