Ташкентте түркі елдерінің университеті ашылады
Ташкентте түркі елдерінің халықаралық университеті ашылады, деп хабарлайды 24KZ. Білім ордасы инженерия, құрылыс, медицина, киберқауіпсіздік және ІТ саласы бойынша маман даярлайды. Оқу бағдарламасы әлемнің үздік мың университетінің тізіміне енген іргелі білім ордаларынан таңдалған. Кадрлық құрам түркі елдерінен жасақталады.
Түркі елдерінің халықаралық дәрежедегі университеттері Орталық Азияда жоқ емес. Мәселен, еліміздегі Қожа Ахмет Ясауи атындағы білім ордасы 1991 жылы ашылған. Осы күнге дейін он мыңдаған шәкірт дайындады. Демек тәжірибе де бар. Ал Ташкентте ашылатын оқу орынында заманауи мамандықтарға басымдық беріледі. Әсіресе киберқауіпсіздік, инженерия сияқты сұранысқа ие салаларға салмақ салынады.
Отабек Базаров, Өзбекстан Жоғары білім министрлігі инновациялар басқармасының басшысы:
- Біз ең алдымен түркі мемлекеттерінің ішінде халықаралық дәрежедегі мықты мамандарды осы университетке шақырамыз. Оларға қойылатын басты талап, оқытушы құрам әлемнің үздік деген мың жоғары оқу орнының тізіміне енген білім ордасын аяқтаған дипломы болуы тиіс. Содан кейін бауырлас мемлекеттердің оқыту дәстүрі ұқсас. Ол да назарға алынып отыр. Жалпы алғанда кадрлық құрамды жасақтауда мәселе туындамайды. Профессорлардың виза мәселесі, жұмыс жайы барлығы шешіледі.
Универститеттің білім бағдарламасы әлемнің үздік жоғарғы оқу орындарының тәжірибесіне негізделеді. Оның ішінде Түркияның іргелі білім ордалары бар.
Отабек Базаров, Өзбекстан Жоғары білім министрлігі инновациялар басқармасының басшысы:
- Университет ашу бойынша шешім қабылдағаннан кейін біз бауырлас елдердің білім министрліктеріне хабарластық. Қуанышқа орай, олар жаңалықты біліп отыр екен. Жұмыс енді басталды. Наурыз айында басқарма кеңесі өтеді. Сол жерде біз түлектерді қабылдау бойынша түркі елдерінде ақпараттандыру мәселесін де талқылаймыз.
Жаңа университет қыркүйек айында ашылады. Осы аралықта жоғарғы оқу орынның оқытушылық құрамы анықталып, түркі елдерінің жас түлектерін университетке шақыру науқаны жүргізіледі. Жалпы білім ордасының құрылуы бауырлас елдер интеграциясының кезекті бір белесі болмақ.
Авторы: Дулат Нуркин.