ІТ-мамандар болашақ механизаторларға арналған жоба дайындады

Отандық ІТ-мамандар техникалық білім беру саласына арналған жабдықтар құрастырып шықты, деп хабарлайды 24KZ. Студенттер енді ауыр техникалардың, симуляторы арқылы, тәжірибе жинайды. Жаңа жобалар «Жұмысшы мамандықтардың қаласы» фестивалінде көпшілік назарына ұсынылды.

Фестивальге келген жастар жұмысшы мамандықтары жайлы теория жүзінде ғана танысып қоймай, тәжірибесін де жетілдіре алады. Мәселен, бұл экскаватордың симуляторы. Қазір осыған мініп, басқарып көреміз. Студенттер осылай механизатордың жұмысын вертуалды режимде атқара алады.

Бұл құрылғыны отандық ІТ-мамандар құрастырып шықты. Ал өзге кәсіпорын оны Қарағандыдағы колледжге сатып алып берген. Қазір өңірдегі студенттер жаңа жүйе арқылы техника басқаруды меңгеріп жатыр. Фестивальде жобамен оқушылар да танысып, қызығушылық танытып отыр.

Алпамыс Батырбекұлы, мектеп оқушысы:

- Алдын ала тәжірибемен өтіп, үйренбесе қиын. Маған ұнады, өте керемет. Фестиваль күшті. Болашақта келе жатқан технологиялар жақсы дамып жатыр Қазақстанда.

Нұрсұлтан Ерполатов, жоба авторы:

- Өндіріс орындарына барғанда әртүрлі келеңсіз жағдайларға түспес үшін, адам апаты, техника апатына түспес үшін үйренеді. Бұл фестивальге біздер экскаватордың симуляторын, погрузчиктің симуляторын, сосын бұрғылау техникасының симуляторын әкелген болатынбыз.

Фестивальге ІТ, ауыл шаруашылығы, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс және жолаушылар тасымалы сияқты салалар бойынша көрме жасақталған. Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай әлемде цифрлық шешімдерге байланысты техникалық мамандықтар трансформацияға ұшырауы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап елде колледждер ірі компаниялармен әріптестікті нығайтып жатыр.

Айнұр Мұқажанова, Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры:

- Трансформация кезінде барлығымыз қазір атсалысып жатырмыз. Ең жақсы пул, колледждердің арасына кірейік деп. Бізді оятқан сияқты Президентіміз.

Сонымен қатар кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарына халықаралық талаптар енгізіле бастайды. Бүгінде елде мұндай 6 колледж болса, жылдың соңына дейін олардың қатары едәуір артады.

Санжар  Тәтібеков, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» КЕ АҚ президенті:

- Жылдың аяғына дейін ондай 30 колледж болады деп есептеп отырмыз. Неліктен? Ол халықаралық стандарттарды ала отырып, тек Қазақстанның деңгейінде емес, шетелдік деңгейде де жұмыс жасай алады. Мысалы, құрылыс саласында инцициар деген үлкен стандарт бар. Әлемдік құрылыс саласының қауымдастығы мойындаған.

Ауқымды іс-шараның алғашқы үш күнінде өңірлерден 20 мың адам келген. «Бұл жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығының арта түскенін аңғартады», дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Арман Ақшабаев.