Ақтөбе облысында 10 мектеп ашылды
Ақтөбе облысында 2025 жылы 10 мектеп ашылды. Олардың 7-і «Келешек мектептері» жобасы аясында жүзеге асқан. Бұл – өңірдегі бірқатар білім ордаларындағы орын тапшылығы мәселесін жоюға мүмкіндік берді.
Облыс орталығындағы нөмірі 80-ші мектеп «Келешек мектептері» жобасы аясында салынды. Жаңа білім ордасының ашылуы «Алтын орда» шағын ауданындағы оқушы орны тапшылығы мәселесін ішінара шешті. Үлгілі оқу орнында шәкірт тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Күнделікті сабақ кестесінен бөлек 25 үйірме жұмыс істейді. Ұстаздар балалардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөледі.
Нұркен Жәкен, мектеп директорының орынбасары:
- Бізде басқа мектептерге қарағанда материалдық техникалық базаның аумағы өте кең. Бұл балалардың шығармашылық деңгейлерін және ойларында жүрген барлық мәліметтерді көрсете алады. Біз оқушыларға тек білім беріп қана қоймай оқушылардың қоғамда қалай өзін өзі ұстауына, адамдармен қалай байланыс жасауына және ең бастысы өзінің ойларын анық жеткізуіне көмектесетін үйірмелер бар.
Қазір Ақтөбе облысында үш ауысымды кестемен оқитын екі білім ордасы бар. Соның бірі – Есет батыр ауданындағы Дінмұхаммед Қонаев атындағы мектеп-гимназия. 1200 оқушыға арналған ғимаратта үш ауысымда 3606 бала білім алып жүр.
Мейрамгүл Ербозымова, Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры:
- Мектебіміз осы Есет батыр ауданындағы жалғыз аралас мектеп болғандықтан оқушы саны көп. Соған байланысты бізде үш ауысымда оқиды оқушылар және алты күндік оқумен оқытамыз. Әр сыныпта ең көбі 34 оқушыдан отыр.
Мектеп әкімшілігіне тиесілі бөлмелердің барлығы оқу класстарына айналған. Алайда бала саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан билік мәселені түбегейлі шешу жолын тапқан.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Оқушы орны тапшылығын жою үшін мектептің қасына қосымша ғимарат тұрғызылды. Қазір мұнда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Үш қабатты ғимаратта болашақта бір ауысымда 600 бала білім алатын болады.
Мектептің жапсарлас салынып жатқан блогына екі ауысымда 1200 оқушы еркін сыяды. Құрылысқа бюджеттен 2 млрд 500 млн теңге қаржы бөлінген.
Болат Аққұрашев, учаске басшысы:
- Мұнда екі спорт залы, 101 орындық асхана бар. Бір кіргенде 101 бала тамақ ішіп шығатын. Қазір вентеляция жүргізіліп жатыр, сантехника жүргізіліп жатыр. 70 пайыз әрлеу дайын тұр. Менің ойымша, сол наурызға береміз.
Ақтөбе облысында жаңа мектеп құрылысымен қатар мыңдаған түлек тәрбиелеп өсірген тарихи білім ордаларының реновациясы да қолға алынған. Күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар мектептердің материалдық-техникалық базасы да жаңғыртылды.
Бұлбұл Күзембаева, Білім басқармасының басшысы:
- Жалпы үш жылға Ақтөбе облысы бойынша 24 мектепті күрделі жөндеуден өткізу және олардың материалдық-техникалық базасын жабдықтау жоспарланған болатын. Бұл жоспарды да 2025 жылы 7 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп және материалдық техникалық базасы жаңғыртылып жоспарымыз жүз пайызға орындалды.
Тозығы жеткен мектептерді қайта жарақтау жұмыстары 2026 жылы да жалғасын табады. Білім ордаларын реновациялау бағдарламасы бойынша облыстағы сегіз ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамассыз етілетін болады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов