Ғылымды реформалау шаралары

Алматыда Премьер-Министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жуырда Президент ғылым саласына қатысты айтқан барлық мәселелерді шешу бойынша кеңес өткізді.

Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қатысты. Кездесу барысында саланың түйіткіл жайттары қарастырылып, оны шешу шаралары талқыланды. Ғылым және жоғары білім министрлігіне Ұлттық ғылым академиясымен, тиісті мемлекеттік органдармен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, ғылыми қызметтің жаңа критерийлер жүйесін әзірлеу тапсырылды.

Биыл 19 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстандағы ғылым жүйесін басқаруды өзгертуді ұсынды. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық еткен кеңесте осы мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Вице-премьердің айтуынша, ғылыми жобаларды іріктеу талаптарына ерекше назар аудару қажет. Жаңа талаптар әр саланың ерекшелігін ескеруі тиіс. Басымдық жобалардың практикалық маңыздылығына беріледі.Негізгі  міндет – ғылымды қаржыландырудың ашық және тиімді жүйесін құру. Аида Балаева осылай деп атап өтті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ғылымды дамыту мақсатында қолданыстағы заңға бірқатар түзетулер енгізілді.  

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Екінші оқылым өтті. Олардың ішінде бірнеше жақсы өзгерістер бірнеше жақсы жаңа тетіктер қарастырылды, Ғылыми жобалардың іріктеуіне қатысты енді міндетті түрде ғылыми жобалар Қазақстаның технологиялық өндірістік басымдылық бағыттарға сәйкес болуы керек, экономикалық құндылығы, енгізу әлеуеті болуы керек, міндетті түрде өндірістік компаниялар бизнестік компаниялардың қаржыландырудың үлесі болуы керек. Неге десеңіз енді ғылыми жоба өндіріске енгізілмесе, енгізілу әлеуәті төмен болса немесе өндіріс оған қаржы бөлуге дайын болмаса, ол ғылыми жобаның әлеуеті төмен деген сөз.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қолданыстағы заңнамаға енгізілген түзетулер  перспективалы жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыруды көздейді. Оған қоса, ғылыми ұйымдардың зертханалық жабдықтарын қаржыландыру да қарастырылып отыр. Себеі қазір бұл мәселе де өзекті. Сонымен қатар гранттың жаңа түрі енгізіледі. Ол тек іргелі және қолданбалы зерттеулерге ғана емес, өндірістік үлгілер мен прототиптер жасауға да берілетін болады.

Аида Балаева бюджет есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобалардың жалпыға қолжетімді ұлттық тізілімін қалыптастыруды тапсырды. Бұл шара қоғамдық бақылауды күшейтіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін қажет.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті:

- Бұрын қаражат ғылымның барлық бағытына бірдей бөлінетін. Бәсекеге қамтамасыз ететін өзіміздің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бағыттарға көбірек ақша бөлу керек. Мысалы, ЖИ, ауыл шаруашылығы су мәселесі, адами капитал сондай мәселелерді бірінші кезекте қарастыруымыз керек.

Ұлттық ғылым академиясының басшылығы, салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды ұсынды.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының президенті:

- Қазір мәселе қолданбалы ғылым бойынша салалық министрлікте болуы керек. Өйткені экономика салаларда ғой. Қолданбалы ғылым бұл – салалық ғылым. Сондықтан жауапкершілік салалық министрлікте. Содан кейін жергілікті акиматта болуы керек. Әлемдік тәжірибе сондай.

Жиында Аида Балаева берген тағы бір маңызды тапсырма Ғылым қорына қатысты болды. Бұған дейін құрылымның қызметін мемлекет басшысы  қатаң сынға алған болатын.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев, Әбен Нарымбаев