ҰБТ-2026: Мамандық таңдаудағы қателіктер мен болашақ нарық болжамы

Фото: depositphotos.com

Мамандық таңдау – диплом алу емес, өмірлік бағытты айқындау. ҰБТ қарсаңында талапкерлер үшін ең маңызды сұрақтардың бірі – мамандық таңдау. Алдағы 5–10 жылда қай салалар сұранысқа ие болады? Жасанды интеллект қандай кәсіптерді өзгертеді? Ал талапкерлер мен ата-аналар жиі жіберетін қателіктер қандай? Осы және өзге де өзекті сұрақтар төңірегінде Халықаралық кәсіби бағдар берушілер қауымдастығының мүшесі Динара Оспановамен «24KZ» тілшісі сұхбаттасты.

– Алдағы 5–10 жылда Қазақстанда қай салалар көш бастайды?

Динара Оспанова, Халықаралық кәсіби бағдар берушілер қауымдастығының мүшесі:

 – Алдағы жылдары ең қарқынды дамитын бағыттардың бірі – IT және цифрландыру саласы. Әсіресе деректер талдаушылары, киберқауіпсіздік мамандары мен жасанды интеллект инженерлеріне сұраныс артады.

 Сонымен қатар білім беру мен медицина саласындағы мамандарға қажеттілік әрқашан жоғары болады. Себебі қоғамда сапалы мұғалімдер мен дәрігерлерге деген сұраныс ешқашан жоғалмайды.

 Техникалық және жұмысшы мамандықтарға да сұраныс күшейеді. Энергетика, құрылыс және логистика салаларында алдағы жылдары жүздеген мың маман тапшылығы болуы мүмкін.

 Сондай-ақ жасыл экономика бағытында – экологтар мен баламалы энергия көздері бойынша мамандардың маңызы артады.

– Жасанды интеллект қай мамандықтарды «жойып» жіберуі мүмкін?

 – Жасанды интеллект мамандықтарды толық жоймайды, бірақ олардың мазмұнын өзгертеді. Бірсарынды әрі қайталанатын жұмыстар, мысалы құжаттарды өңдеу немесе базалық есептер автоматтандырылуы мүмкін. Алайда шығармашылықты, эмоциялық интеллектіні және терең талдауды қажет ететін журналист, мұғалім, дәрігер сияқты кәсіптерді AI толық алмастыра алмайды. Сондықтан болашақтағы ең маңызды қабілет – технологияны құрал ретінде пайдаланып, өзгеріске бейімделу.

– Мамандық таңдау кезінде талапкерлер мен ата-аналар ең көп жіберетін үш қателік қандай?

 – Бірінші қателік – баланың бейімі мен қызығушылығын емес, мамандықтың беделі мен табысын бірінші орынға қою. Көп жағдайда ата-аналар немесе талапкерлер мамандықты қоғамдағы мәртебесіне қарап таңдайды. Бұл кейін кәсіби күйзеліске, мотивацияның жоғалуына алып келуі мүмкін.

 Екінші қателік – еңбек нарығын зерттемеу. Кейбір мамандықтарға бүгін сұраныс жоғары болғанымен, 4–5 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Сондықтан болашақтағы еңбек нарығының динамикасын ескеру маңызды.

 Үшінші қателік – оқу орны мен мамандықты шатастыру. Кейде талапкерлер университеттің атағы үшін өзіне сәйкес келмейтін бағытты таңдайды. Алайда жұмыс беруші үшін дипломнан бұрын нақты дағды мен кәсіби біліктілік маңызды.

– Баласының таңдауына көңілі толмайтын ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

 – Ата-ананың қарсылығы көбіне баласының болашағына алаңдаудан туындайды. Бірақ кей жағдайда олар өздерінің орындалмаған армандарын бала арқылы жүзеге асырғысы келеді. Бұл – үлкен қателік. Ата-ана бағыт беруші болуы керек, алайда соңғы шешімді баланың өзі қабылдағаны дұрыс. Өйткені саналы түрде таңдалған мамандық қана адамға шынайы қанағат пен табыс әкеледі.

– Қазір көпшілік IT немесе маркетингке барғысы келеді. Сән мен бейімділікті қалай ұштастыруға болады?

 – Тек трендке еріп кетуге болмайды. Егер бала техникаға жақын болса – IT бағыты тиімді. Ал шығармашылыққа бейімі болса, маркетинг, дизайн немесе медиа саласын қарастырған жөн. Мысалы, медицинаға қызығатын бала IT-медицина немесе медициналық технологиялар бағытын таңдап, екі саланы ұштастыра алады. Қазіргі еңбек нарығы әмбебап мамандарды талап етеді.

– Колледж түлектері үшін ҰБТ-сыз грантқа түсу мүмкіндігі бар ма?

 – Қазір халықаралық кәсіби байқаулардың, соның ішінде WorldSkills жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа түсу құқығын беру мәселесі заң аясында талқыланып жатыр. Алайда қазіргі талап бойынша мемлекеттік грантқа түсу үшін ҰБТ тапсыру міндетті. Ал ішкі емтихан арқылы оқуға қабылдау көбіне ақылы бөлімдерге қатысты.