19 елордалық түлек Германияда тегін оқуға мүмкіндік алды
Елордадағы «Балабақша – №46 мектеп-гимназиясы» кешенінде неміс тілін B2–C1 деңгейінде меңгерген 19 түлекке Deutsches Sprachdiplom II (DSD II) халықаралық дипломдары табысталды, деп хабарлайды «24KZ».
DSD II дипломы түлектерге Германияның жоғары оқу орындарына қосымша тілдік емтихандарсыз түсу мүмкіндігін береді. Биылғы түлектердің елеулі бөлігі Германия, Аустрия және Швейцария университеттеріне оқуға гранттар мен жолдамалар иеленген.
Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, оқушылар неміс тілін ерте жастан меңгереді: 4-сыныпта A1, 6-сыныпта A2, 8-сыныпта B1 деңгейлерін халықаралық емтихандар арқылы растайды. Мектепті аяқтаған кезде түлектер B2 және C1 деңгейлерін дәлелдеп шығады.
Осы жүйенің нәтижесінде оқушылар Германияның жоғары оқу орындарына тікелей түсуге мүмкіндік алады.
Білім беру ұйымы бұл бағыттағы халықаралық бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастырып келеді.