Жамбыл облысында апатты жағдайдағы мектеп мәселесі шешілді

Жамбыл облысындағы Гранитогорск ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осының арқасында Меркі ауданында апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешілді. Енді осы елді мекенде тұратын оқушылар үшінші тоқсанды заманауи білім ошағында жалғастырады. Ал әбден тозған ескі мектеп сүріледі.

Ауыл оқушылары осы мектепте өткен тоқсанды оқып бітірді. Бұл білім ошағы 1970 жыл бұрын салынған. Қазір қабырғалары қақырап, төбесі түсуге шақ тұр. Ауылда көгілдір отын болса да білім нысаны көмірмен жылытылып келген. Ал от жағатын қазандық оқу кабинеттерінің астындағы жертөледе орналасқан. Мектеп директоры бұл балалардың өміріне айтарлықтай қауіп төндіріп келгенін жасырмады.

Мұнда спортзал деген атымен жоқ. Екі ауысымда келетін 250-ден астам оқушының шынығып жаттығу жасайтын жері осы. Іс-шара өтсе де осы жерге ұйымдастырылады. Жұрт бұл мәселені 10 жылдай уақыт бойы көтеріп келсе де, жаңа мектеп салынғанша амалдап келген.

Бейбіт Қасымов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- Актовый зал да, спортзалымыз да осы. Ауылда өтетін собраниенің бәрі осы жерде өтеді. Бұл жерге сыймаймыз. Сосын лаж жоқтан шахмат ойнаймыз. Шашка ойнаймыз. Бір класс әйтеуір теннис ойнайды. Бір класс шахмат ойнайды. Болды бізде жағдай жоқ.

Енді бұл проблема шешімін тапты. Көпшіліктің сұрауымен ауылдың ортасынан 120 орындық жаңа мектеп тұрғызылды. Білім ошағы заман талабына сай етіп салынған. Спортзал, асхана, компьютерлік, лингафон, химия, биология кабинеттері бар. Ең бастысы, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік туып отыр.

Абай Қазыбаев, гранитогорск ауылының тұрғыны:

- Қазіргі мектеп жақсы. Оны ашық айту керек. Іші жылы. Бумен жылу. Газбен жүріп жатыр. Баяғыдай көмір жақпаймыз. Оның күлін шығаратын. Қазір техперсоналдарға да жақсы болатын болды әбден. Қолайлы да ыңғайлы. Қуанғанда қандай. Немерелеріміз оқыса. Осы жылы мектепте. Білім алса. 

Үшінші тоқсаннан бастап оқушылар осында оқиды. Қазір мектеп қызметкерлері жабылып кабинеттерді әрлеу, құрылыстан кейін тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ғабиден Сансызбаев, мектеп директоры:

- Әрине балалардың білімге деген құштарлығы артады. Біздің қазіргі оқып жатқан мектебімізде ондай мүмкіндіктер болған емес. Компьютерлік кабинеттер келіп жатыр. Құрастырып жатыр. Енді лингафондық кабинеттер келеді деген. Олар да келіп жатыр. Бәрін құрастырып береміз деді.

Жалпы Жамбыл облысында 2020 жылы 5 мектеп жаңадан салынды. Осының арқасында өңірде 2 апатты, 1 үш ауысымды және 2 орын тапшылығы бар білім ошақтарының мәселесі шешілді. Қазір аймақта үш апатты, жеті үш ауысымды және 6 орын тапшылығы бар мектептер қалып отыр. Бұл 2021-2022 жылдары толық шешіледі деп жоспарланған. 

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә