«Таза Қазақстан» акциясы кезінде 3,5 мың жыл тарихы бар жәдігерлер табылды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауыл аймағын тазалап жүрген жамбылдық жастар 3,5 мың жылдық тарихы бар петроглифтерді тапты.
Жәдігер Сарысу ауданындағы Ақтоғай ауылынан 3,5 шақырым жердегі шатқалда орналасқан.
Ақтоғай шатқалын ауылдықтар бұрыннан киелі санайды. Арлы-берлі өткен жұрт пен төрт түлігін өрістеткен шопандар ара-тұра көне тұрмыстық заттардың сынықтарын табатын. «Киелі өлке» апталығы аясында жастардың тапқан таңбалы тасы, аумақтың маңыздылығын одан әрі арттырды. Жартастағы қашаулар қола, ерте темір дәуіріне тиесілі екені белгілі болды.
Асылжан Пазылбеков, ерікті:
- Тазалық жұмыстарын жүргізу барысында біз өте ерекше жазуларды көзіміз шалып қалды. Енді тарихшы емеспіз, өзіміз арнайы мамандарды - тарихшыларды шақыру барысында осы жазуды анықтадық. Сөйтсек бұл үлкен мұрағат болатындай тарихымызға ерекше жазулар екен. Ендігі уақытта біз осы жерге үлкен тазалық жұмыстарын көптеп жүргізетін боламыз.
Петроглифтердің басым көпшілігінде сол уақыттағы адамдардың дүниетанымы бейнеленген. Суреттердің ішінде тауешкі, арқар, қос өркешті түйе және тағы басқа аң суреті салынған. Сонымен қатар аңшылардың садақ ату және тұзақ құру сынды аң аулау әдістері көрсетілген.
Мерей Бает, тілші:
- Көне петроглифтердің көбісі мына ені 1,5-2, ұзындығы 15-20 метр болатын жартаста топтасқан. Ғалымдар мұны ашық аспан астындағы галлереяға теңеп отыр. Жалпы мына шатқалдағы жартастардан 100-ден аса петроглифтер табылды.
Ғалымдар Қаратау тау жотасы еліміздегі ең киелі тарихи географиялық аймақ екенін айтуда. Бұл аумақ тас ғасырынан бері қарай адамдардың мекеніне айналған, дейді археолог. Сондықтан түрлі дәуірдің жәдігерлері табылып отыратын. Дегенмен анықталған жаңа таңбалар адамзат тарихындағы тың жаңалық екен.
Сауран Қалиев, тарихшы-археолог:
- Жамбыл облысына қарасты Берікқара, Қаратаудың солтүстік беткейіндегі мұндай ескерткіштер шоғыры өте сирек. Сондықтан кешенді түрдегі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізсе және сол зерттеу жұмыстарына арнайы кәсіби археолог мамандарды тарту керек деп білеміз. Ал енді сол ғалымдардың зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес мұны болашақта өңірлік туристік бағыттарға енгізуге мүмкіндігі жоғары екендігін айтқым келеді.
Мамандар құнды тастарды тез арада мемлекет қорғауына алып, жергілікті атқарушы биліктің құзіретіне беру керек, - дейді. Жалпы былтыр Жамбылда әр кезеңге жататын 46 тарихи ескерткіш табылды. Бүгінде аймақта 3510 тарихи-мәдени ескерткіш болса, оның 5-еуі ЮНЕСКО-ның қорғауында.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә