Ауыл мұғалімі Youtube арнасын ашып, бейнесабақтар өткізіп жүр

Маңғыстау облысы Құрық ауылында тұратын бастауыш сыныбының мұғалімі Жанар Қапарова Youtube каналын ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған жаттығу мен есеп шығару жолдарын түсіндірген бейнесабақтарын жүктеген. Қазір ауыл мұғалімінің әлеуметтік желідегі арнасын шәкірттері ғана емес, өзге өңірлердің мұғалімдері мен оқушылары да оқу процесіне пайдаланып жатыр.

Жанар Қапарова Қарақия ауданына Қарасты Құрық ауылындағы нөмірі 6-шы мектептің бастауыш сыныптарына сабақ береді. Мұғалімге Youtube каналын ашу идеясы пандемия басталып, мектептер қашықтан білім алуға көшкен кезде келген. Алдымен білімін жетілдіріп, түрлі бағдарлама арқылы бейнесабақтардың жасалу жолын үйренген. Мектеп оқушыларының пән сабақтарына жүйелі түрде слайд жасап, ғаламторға жүктеген.

Жанар Қапарова, бастауыш сынып мұғалімі:

– Сәуір айынан бастап еліміздің барлық мектептері пандемияға байланысты қашықтан оқу жүйесіне көшкен еді. Алдымен біз «Балапан» телеарнасының бейнесабақтарын қарап жүрдік. Уақыт өте келе бастауыш сынып бір ғана ұстаздан білім алатын болғандықтан, оқушылар маған бауыр басып қалғанын білдім. Өзге әріптестерімнен гөрі менің даусыма менің сабағыма үйренгендіктен жақсы түсінеді деген ойға келдім. Осы ойдан кейін менің ютуб каналым ашылды.

Бейнесабақтардың барлығы үшінші сыныптарға арналған. Қазақ тілі, математика, жаратылыстану мен дүниетану пәндері қамтылған. Жаттығудың жазылуы мен есептің шығару жолдары анық көрсетілген. Күнделікті сабақтар 1 күн бұрын дайындалып, mektep.edu платформасы мен Youtube арнасына жүктеледі. Жанар Қапарова шәкірттерінің білімін саралай келе кітапта көрсетілген тапсырмаларды жақсы меңгере бастағанын байқаған. Сондықтан оқушылар мектепке келіп оқи бастаса да, бұл бастамасын жалғастыра бермек.

Ерасыл Бисенбай, 3-сынып оқушысы:

– Мен 1-сыныптан бастап Жанар Төреқызыда оқып келемін. 2-сыныптың төртінші тоқсанында біз онлайн жүйесіне көштік. Бұл бастапқыда бізге біраз қиыншылықтар туды. Бірақ апай ол қиыншылықтарға қарамай, Youtube канал ашып, бізге сабақ материалдарын түсіндірді. Мен Жанар Төреқызын мақтан етемін және жақсы көремін.

Бүгінде ауыл мұғалімінің әлеуметтік желідегі арнасы 7 мың оқырманды қамтиды. Әр бейнесабақтың қаралымы 25 мыңға жеткен. Мұндағы сабақтар Маңғыстауға ғана емес, республика көлеміне тарала бастады. Жанар Қапароваға жер-жерден ұстаздар хабарласып, алғыстарын айтып жатыр екен. «Індет өршіп, білім беру саласы қиындыққа тап болған уақытта оқушылардың сапалы білім алуына пайдам тисе, арманымның орындалғаны», - дейді бастауыш сыныбының мұғалімі.

Авторлар: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Сондай-ақ...