Маңғыстау облысында мектептер ішкі әжетханамен толық қамтылған

Маңғыстау облысындағы мектептер түгелдей ғимаратішілік әжетханалармен қамтылған. Білім басқармасындағылар былтыр бұл бағытта ауқымды жұмыстардың атқарылғанын айтады. Жауапты мамандардың сөзінше, 2020 жылы аймақта әжетханасы сыртта орналасқан 53 мектеп болған. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлінуімен ауылдардағы бастапқы білім беру нысандары 187 санитарлық тораппен жабдықталып отыр. 

- Мүгедек бала бізде әзірге жоқ. Бірақ сонда да қойып отырмыз.

Біз Форт-Шевченко қаласындамыз. Бұл Есбол Өмірбаев атындағы орта мектеп. Ғимарат 1976 жылы қолданысқа берілген. Былтыр 136 млн теңгеге күнделі жөндеу жасалып, іші-сырты қайта жаңарды. Қазір оқу нысанының әр қабатында санитарлық торап бар. Төменгі қабаттағы қос әжетхана бастауыш сынып балалары мен мүгедек жандарға арналған. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектептің әр бұрышында бейнебақылау камералары тұр.

- Мектебіміз 32 бейнебақылау камерасымен қамтылған. Оларды қадағалайтын арнайы маманымыз бар. Мектептің алды және артқы бейнекамералары аумақты түгел көруге мүмкіндік береді.

Айна Берішбаева, Е.Өмірбаев атындағы орта мектеп директоры:

- Жаңа оқу жылында сол бейнекамераларымыздың істен шыққандарын жаңартып, жаңаладық. Одан өзге былтырғы оқу жылына дейін біздің әжетханамыз аула ішінде орналасқан болатын. Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үш қабатқа да туалет орналастырылған. 2020 жылы мамырдан бастап мемлекеттің бағдарламасымен жұмыстар жүргізілді. Әжетханаларға суларын тартып, канализациялары барлығы іске қосылды.

Түпқараған ауданында 11 мектеп орналасқан. Соның төртеуі соңғы жылдары бой көтерді. Қалған жеті нысанның жылы әжетханалармен қамтылғанына ата-аналар қуанышты.

Ләззат Қазбаншаева, қала тұрғыны:

- Осы мектепке екі ұлым мен қызым келеді. Қыс мезгілінде балалар далаға шығады. Әжетханаға барады. Сондықтан қорқатынбыз. Күн салқын дегендей. Қазір барлығы толықтай өзгерді. Шыны керек, қуаныштымыз. Барлық ауыл мектептерінде әжетханалар мектеп ішінде, ғимаратта орнатылса екен деген тілегім бар.

 Талғат Исламұлы, тілші:

- Жалау Мыңбаев атындағы Баутино мектеп-гимназиясының оқушылары да былтырғы оқу жылына дейін көшедегі әжетханаға барып келді. Бүгінде бұл мәселе біржола шешімін тапқан. Іргетасы өткен ғасырда қаланған білім ордасының әр қабатында әжетхана бөлмесі бар.

Жалпы Маңғыстау облысында 141 мектеп бар. Оның 66%-і, яғни 93 орта білім беру мекемесі ауылдық жерлерде орналасқан. Өңірлік білім басқармасы өткен жылы жүргізген талдаулардың нәтижесі 53 мектептің оқушылары сырттағы әжетханаларға барып жүргенін көрсетіпті. Мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен 170 млн теңге жұмсалған.

Еркінбек Қадыров, Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 53 мектепке ұл-қыздарға бөлінген 187 әжетхана орналастырылған болатын. Бейнебақылау, ауыз сумен жабдықтау бойынша да барлық жұмыстар бойынша 2020 жылы толық қамтылған болатын. Қазіргі таңда мәселелер жоқ деп есептейміз. 

Айта кетейік, ғимаратішілік әжетханасы жоқ мектептердің саны бойынша Маңғыстау ауданы алдыңғы орында болған. Бұл ауданға қарасты 21 білім беру нысанының оқушылары былтырға дейін қажетін дала әжетханасында өтеп жүрді. Бұдан бөлек Мұнайлы ауданында ерте жылдары салынған 3 мектеп те қазіргі уақытта санитарлық торап бөлмелерімен қамтылып отыр.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев