Петропавлда әскери дайындық пәнінің мұғалімі үздік педагог атанды

Петропавлдық Дархан Қоспанов 2021 жылдың үздік педагогы атанды. Ол он жылдан бері Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған гимназия-интернатында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы – ұйымдастырушысы болып еңбек етеді. 

Дархан Қоспанов әскери мамандыққа бала кезінен құштар болып өсті. Отан алдындағы борышын өтеп, кіші сержант шенімен оралды. Содан бері өзі бітірген Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия - интернатында жұмыс істейді. 

Дархан Қоспанов, «Үздік педагог-2021» байқауының жеңімпазы:

- Өз басым оқушыларды кешікпеушілікті, мынау жаңағы бір нәрсені өтірік айтпауды, былайша айтқанда шыншыл болуды, өз елін сүюге деген жолда тәрбиелеймін. Шын мәнінде өмірде осы мектепте алған алдағы күнде өмірде пайдаланса деген ниетпен оқушыларды тәрбиелеу үстіндемін.

Дархан ұлдарды мектеп қабырғасынан темірдей тәртіпке үйрету керек дейді. Оқушылар оның әр сөзін бұйрық ретінде қабылдап, бұлжытпай орындайды. Содан болар алдынан өткен көптеген бала әскери жолды таңдап, қазір еліміздің қарулы күштері қатарында қызмет етіп жүр.  

Нұрлан Оңғаров, оқушы:

- Дархан ағай менің ойымша, үлгі тұтарлық мұғалімдердің бірі. Көп жарыстарға дайындаған және барлық жарыстарда орын алып келген. Адам ретінде өте патриот, адамгершілігі мол, мейірімді адам. 

Ұстаздар күні қарсаңында Дархан үздік педагог атанып, 3 млн теңге сыйақы алды. Бүгін оны оқушылары құттықтап, мектеп мұғалімдеріне мерекелік концерт қойды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов