Омбылықтар Петропавлға көмек жөнелтті
Омбы қазақтары су тасқынынан зардап шеккен Петропавл тұрғындарына 55 тонна гуманитарлық жүк жөнелтті.
Қандастар өңір халқына ауызсу мен азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар тиелген 22 жүк көлігін аттандырды.
Омбы мен Петропавл бауырлас қалалар. Петропавл су тасқынынан зардап шекті дегенді ести сала, омбылықтар көршілеріне көмектесу үшін гуманитарлық жүк жинауға бірден кіріскен. Қазір екіарада тек Омбы тас жолын су баспаған.
Мұрат Ғаббасов, Омбы тұрғыны:
- Біз ойладық бір газель су апарамыз деп. Сосын мешіттің ватсап чатына жаздық. Жігіттерге айттық барамыз деп, олар бір күнде бір машине емес, бес мәшине су, тамақ жинап бізді жіберді. Екінші рет сегіз машинамен бардық. Енді міне бүгін тоғыз машина апарайын деп жатырмыз.
Омбы тұрғындары, сондай-ақ, құтқару кеудешелері мен қайықтар, аккумулятормен жұмыс істейтін шамдар, генератор, су сорғыштар және көрпе мен жылы киім сияқты қазір қарғын сумен күресуге өте қажетті құрал-жабдық пен бұйымдарды жинады. Қала жұрты жәрдемге деген заттарын шаһардағы 4 мешіт пен қоғамдық ұйымдарға әкеп өткізіп жатыр.
Қайырбек Тұрсынбаев, имам:
- Бір жұмадан аса жас жігіттер өздері көмектесіп жатыр. Мынау үшінші рейс бүгін кетеді, Алла жазса. Сапарлары оң болсын, Алла тағала аман есен келіге нәсіп етсін. Апат артта қалсын.
Омбылықтар Қазақстанға барлығы 22 жүк көлігімен 55 тонна гуманитарлық жүк жіберді. Қандастарымыз табиғи апаттан зардап шеккендерге қаржылай да көмек көрсету үшін ақша жинай бастаған.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров