Қарағандыда «WorldSkills Kazakhstan-2021» шеберлік чемпионаты басталды

Кәсіби білім жарысына еліміздің әр өңірінен келген 14 студент қатысып жатыр.

Жиырма сағат ішінде өте күрделі, әрі сәнді жағалы пальто тігіп шығу кез-келген шебердің қолынан келетін шаруа емес. 

Ал Қарағандыда өтіп жатқан «WorldSkills Kazakhstan-2021» чемпионатының қатысушыларына дәл осындай талап қойылып отыр. Сырт киімнің қаншалықты сәтті шыққанын кәсіби мамандар бағалайды. Қазір еліміздің 14 аймағынан келген 14 студент барын салып жатыр. Ең бастысы олар әлемдік брендтегі құрал-жабдықтармен жұмыс істейді.

Айта кету керек, бұл чемпионат осымен алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қазір 600-ге жуық колледж студенті Қазақстанның 8 облысында 30 құзіреттілік бойынша бағын сынап жатыр. Мақсат - алған білім-біліктілігін дәлелдеу. Жеңімпаздар келесі жылы Шанхайда өтетін әлем чемпионатына жолдама алмақ.

Гүлмира Тағаева, техникалық делегат:

– Бұл құзіреттілік бойынша осы модульді игерген бала Қазақстанның тіпті дүниежүзінің кез келген фабрика, зауыттарында жұмыс істей алады. Себебі қатысушылар дүниежүзіне мойындалған құрал-жабдықтарымен шеберліктерін шыңдауда.