Атырау облысында 125 жылдық тарихы бар көне ғимарат жұмыс істеп тұр

Атырау облысы Құрманғазы ауданының орталығында 1895 жылы пайдалануға берілген білім ошағы әлі күнге халыққа қызмет көрсетуде, деп хабарлайды Хабар 24.

XVIII ғасырдың аяғында батыс өңірінде жергілікті кадр дайындау үшін ашылыпты. Сол кездегі Қамыс-Самар қисымының әкімі Мақаш Бекмұхамбетовтың қолдауымен іргетасы қаланған екі жылдық орыс-қырғыз училищесі Атырау облысындағы алғашқы білім ордаларының бірі. Осы уақыт ішінде училище қабырғасынан көптеген білікті қоғам, мемлекет қайраткерлері шыққан. 125 жылдан бері елге қалтықсыз қызмет етіп келе жатқан тарихи ғимарат әлі күнге жұмысын жалғастыруда. Бүгінде аудандық балалар кітапханасы орналасқан білім ошағының қабырағасынан кезінде Ресейдің мемлекеттік думасының екі дүркін депутаты болған қоғам қайраткері Бақыткерей Құлманов, ағартушы-ғалым Танаш Бекмұхамбетов және осы өңірде алғашқы коммунар құрған Сейітқали Меңдешовтер түлеп ұшқан. Ағаштан қиып, сәндеп салған ғимарат ғасырдан астам уақыт өтсе де әлі күнге сынын жоғалтпапты. Жеңіл жөндеу жасалғанымен негізгі қаңқасы сол күйі сақтаулы. Төбесі биік, терзелері жарық, ғимаратты жобалғандар күн сәулесін өте тиімді пайдалана білген.

Людмила Рахметова, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі:

– 1894-1918 жылдарға дейін екі басқышты орыс-қырғыз училищесі болған. 1918-30 жылдардың арасында «мектеп коммунасы» болған. 1930-86 жылдары Абай орта мектебі болды. Ғимараттың жағдайы өте жақсы 2018 жылы жаңғыртудан өтті. Ешқандай өзгертілген жоқ. 12 бөлмесі бар өте жылы кезінде сапалы салынған.

Аудандық балалар кітапханасы оқушылардың сүйікті орнына айналған. Кітапхана жанында қазақы қолөнер үйірмесі жұмыс істейді. Айтқандай, қазір мұнда ел тәуелсіздігі мерекесіне орай тарихи танымдық шаралар өтуде. Жыл басында «30 жылдыққа 30 кітап оқу» акциясы басталған еді. «Балалардың белсенділігі жоғары», дейді шараны ұйымдастырушылар

Нұргүл Қайырлиева, кітапхана әдіскері:

– 5 жанрда 30 кітап ұсынылып отыр. Драматургия, проза және балалар әдебиеті. Балалармен үнемі жұмыс істейміз. Олар өздеріне керек кітаптарын айтып, біз сол балаларға тауып береміз. Талдаймыз, әрқашан да кітапханада шаралар өтіп отырады.

Ауданның орталық көшесіне сән беріп тұрған әсем ғимарат облыстық ескерткіштерді қорғау мекемесінің тізіміне алынған. Бір кезде батыс өңірі жастарының зейінін ашқан білім ошағы әлі талай ұрпаққа қызмет етері даусыз.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин