Тараздық оқушы айдын көлді тазартатын құрылғы ойлап тапты

Таразда су түбін жарамсыз ау-тордан тазартудың оңай жолы табылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алатын өнертапқыш бұл дүниесін Тасөткел су қоймасында сынақтан сәтті өткізіп, авторлық құқыққа ие болды. Жас ғалым енді үлкен көл, теңіздерді зиянды қалдықтардан арылтуды қолға алмақ. 

Ағәділ Айту жарамсыз ауларды табуға арналған қондырғысын арматура, 4 секірмелі доп және ілмектерден құрастырып шықты. Ғылыми жетекшісі екеуі Тасөткел су қоймасынан біраз қалдық сүзіп, құрастырмалы құрылғының тиімділігіне көз жеткізді.

Ағәділ Айту, Назарбаев зияткерлік мектеп оқушысы:

– Бұл құрылғының ең жақсы жағы экологияға зияны жоқ. Біріншіден, бұл құрылғыға қуат көзі керек емес. Ең бастысы қайық, оны жүргізе алатын адам және қондырғы. Сонымен қатар құрылғыны құрастыру оңай. Мысалы кез келген адам интернеттен қарап жасай салуына болады. Қалтқы сатып алып, 6 қадамен жасай саласың. 

Оқушының қоршаған ортаны тазарту жобасын қолға алуына туысқанының сөзі түрткі болған. Шу ауданындағы көлдерде жарамсыз аудың кесірінен қаншама балық қырылатынын көзбен көріп жүрген апасының қынжылысын байқаған Ағәділ су маржанын құтқару ісіне білек сыбана кіріседі.

Ағәділ Айту, Назарбаев зияткерлік мектеп оқушысы:

– Балық саны көбейген сайын браконьерлер де көбейіп жатыр. Ау-торлар жағадан бастап қойылмайды. Тек қана балықтың көп жүретін жері ортасына қойылады. Сол үшін үлкен көлемде жасау керек. Ол үшін шарларды үлкен қалтқыға ауыстыру қажет. Өйткені ол сапалырақ, жарамдырақ көпке жетеді.

Ізденушінің көлемді құрылғы құрастыруына авторлық құқық берілді. Енді жас өнертапқыш жобасын республикалық байқауда қорғап, патенттеп алуды көздеп отыр. Ғылыми жетекшісінің айтуынша, Ағәділдің жасындағы оқушылар қызықты әрі тиімді жобаларды көптеп ұсынады екен.

Любовь Исатаева, НЗМ оқушыларының «Steam» ғылыми қоғамдастығының басшысы:

– Өткен оқу жылында 15 оқушымыз авторлық құқығын қорғады. 18 жасқа толғасын олар үшін жобаларын жүзеге асыруға қаржы тарту мүмкіндіктері туады. Бұған дейін де экосабын және биологиялық ыдырайтын пластик шығарып, грант жеңіп алған оқушыларымыз болды.

Ағәділ болса, су айдындарын қалдықтан арылту жобасын жетілдіре отырып, Санкт-Петерборда өтетін халықаралық байқауға ұсынбақшы.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев, Руслан Ахатилла