Колледж және университет түлектері сұранысқа ие болуы керек – Ә.Смайылов

Колледж және университет түлектері сұранысқа ие болуы керек – Ә.Смайылов

Биыл техникалық мамандықтар бойынша  грант саны 40-тан 60 процентке дейін ұлғаяды. Ал ауыл квотасы 35 процентке артады. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі осылай деді.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қаза тапқан құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің балалары тегін оқу гранттарымен қамтылады. Тиісті қағида биыл қолданысқа енеді. Сонымен қатар министр әлемнің беделді ЖОО-ның филиалдарын ашу жайын сөз етті. Қазір елімізде Ұлыбританиялық жетекші университеттің бөлімшесі ашылды. Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Аризона оқу орнының басқаруына берілмек. Бұған қоса, Ресейлік үздік техникалық ЖОО-ның бөлімшелерін ашу бойынша да келіссөздер жүріп жатыр. Осы орайда Үкімет басшысы министрлікке жетекші оқу орындардың жол картасын 7 ақпанға дейін  әзірлеуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

– Кәсіптік техникалық білім беру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Оның сапасын, тәсілдері мен материалдық техникалық қамтамасыз етілуін түбегейлі өзгерткен жөн. Барлық жерде кәсіпорындардың колледждерде өз қамқорлығына алуын жолға қою керек. Колледждер тек жастарды ғана емес, жұмыс берушілер мен инвесторларды да өздеріне тартып, дәстүрлі бағдарламалармен қысқы мерзімді оқу бағдарламасын ұсыну тиіс. Ең бастысы – колледждер мен университтердің түлектері сұранысқа ие болуы керек.