Қостанайлық студенттер тәжірибеден өту үшін Набережные Челны қаласына аттанды

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері «КАМАЗ» КАҚ-та өндірістік тәжірибеден өту үшін Набережные Челны қаласына аттанды.

«Машина жасау» негізгі білім беру бағдарламасы мен «Электр энергетикасы», «Технологиялық машиналар және жабдықтар», «Көлік. Көлік техникасы және технологиясы» ББ-ның 4 курс студенттері аталмыш кәсіпорында екі ай бойы теориялық білімдерін тәжірибеде қолдана алады. Олардың арасында «КАМАЗ» КАҚ-та екінші мәрте тәжірибеден өтуге ниет білдірген студенттер бар. Бұл студенттер Ресейлік серіктестердің де көңілінен шығыпты. Сондай-ақ «КАМАЗда» тәжірибеден өтетін студенттер тізімін Қостанайда салынып жатқан шойын құю зауыты да сұратты. Демек олардың жоғарғы оқу орнын бітірсімен жұмысқа орналасу кепілдігі бар.

Бұл мүмкіндік студенттерге университеттің «КАМАЗ» КАҚ және Қазан федералды университетімен (ҚФУ) Қазақстанның машина жасау саласы үшін мақсатты кадрлар даярлау жөніндегі бірегей үшжақты ынтымақтастығының арқасында берілді.

Тағы бір айта кетерлігі, «КАМАЗ» КАҚ-та тәжірибеден өтетін студенттердің қатарында еліміздің оңтүстік аймақтарынан келіп, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан бозбалалар мен бойжеткендер бар.

Студенттерді университеттігі практика жетекшісі қадағалайды, ол 24 қаңтар мен 31 наурыз аралығында, екі ай бойы олармен бірге кәсіпорында болып, барлық процесті бақылайды.

Университет серіктестері студенттер үшін барлық жағдайды жасады: Қостанайдан Набережные Челны қаласына және кері қарай жайлы автобуспен тегін жол жүру, күніне үш рет тегін тамақтану, жайлы жатақханада тегін тұру. Бұдан басқа, демалыс күндері қазақстандық студенттер үшін мәдени іс-шаралар, қала бойынша экскурсиялар ұйымдастырылады.

Тәжірибеден өтушілер үшін екі демалыс күні мен 5 күндік 8 сағаттық жұмыс күні қарастырылған, мұндай кесте бойынша жалақы айына 42 мың рубльді (шамамен 200-230 мың теңгені) құрайды. Студенттер тәжірибені қозғалтқыштарды құрастыру зауытында өтеді.

Бұл А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ студенттері КАМАЗ зауытында өтетін екінші тәжірибе.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың маусым айында ҚӨУ-нің 30 студенті жетекші машина жасау кәсіпорнының құрастыру цехтарында тәжірибеден өткен болатын.