ҰБТ-2022: бақ пен бап таласы басталды

25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ақылы сынақ. Оны кімдер тапсыруға құқылы, және биыл емтиханды өткізуде қандай өзгеріс бар деген сауалдарға тілші жауап іздеді.

Өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жолы болмай, шекті межені еңсере алмаған түлектер биыл қайта бағын сынап жатыр. Онымен қоса, биылғы оқу жылының 11 және 12 сынып оқушылары қабілет-қарымын байқауда.

– Мен бірінші рет келіп тұрмын, негізгі пән ол тарих, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы. Ал таңдау пәні дүниежүзі тарихы мен адам құқығы. Мен заңгер болғым келеді.

– Таңдау пәндерім шет тілі, дүниежүзі тарихы. Халықаралық қатынастар оқуына түскім келеді.

Сала мамандарының айтуынша, сынақ тапсырып үлгергендердің 68 проценті белгіленген шекті балл – 50-ден жоғары нәтижеге қол жеткізген.

Руслан Емелбаев, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

– Жалпы қаңтар ҰБТ-сына 103 мың 886 өтінім қабылданды. Қазіргі кезде, міне, күніне екі лекпен есептейтін болсақ, 9 лек өтті. Қазіргі таңда 69 мыңға жуық бала қатысты. Бұл жалпы өтініш білдіргендердің  97,5 проценті қатысып жатыр. Қатысулары өте жоғары деңгейде. Қатысушылардың 77% -і мемлекеттік тілде тапсырып жатыр. Қалғандары орыс тілінде. Ағылшын тілінде де 186 бала ҰБТ тапсырған.

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің басты қағидаты – «1 тестіленуші, 2 камера және 1 компьютер». Тестілеу орталығының мәліметінше, биылғы жаңалық – монитордың үстіне орнатылған форонталды камера. Ол нақты сол адам сынақ тапсыруға келгенін растап, емтихан аяқталғанға дейін қадағалайды. Өйткені тәртіп бұзу фактілері кездескен. 168 тестіленушінің нәтижесі жойылған, ал тыйым салынған зат үшін 63 оқушы сынақ тапсыру залына жіберілмеген.

Ералы Тоқтарбек, оқушы:

– Мамандық таңдау өте жауапкершілікті талап етеді. Болашақта адам өміріне әсер етеді. Айтады ғой, мамандық таңдаудан қателеспеу керек деп. Менің таңдап отырған пәнім – шығармашылық. Оның ішінде бапкер болу. Болашақта бүлдіршіндермен өзімнің тәжірибеммен алмасуға тырысамын.

Меруерт Берденова, оқушы:

– Мен болашақта үлкен шыдамдылық пен жауапкершілікті, және табандылықты талап ететін картограф немесе маркшейдер мамандығының иесі болғым келеді. Сол себепті де қазір ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығымды күшейттім.

Бұл елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназияның 11 сыныбы. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық бірізді жүріп жатыр, оқу жылы да орта белден асты. Түлектер техникалық саланы таңдауға басымдық берді, – дейді мұғалімдер.

Бикен Адамова, С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі:

– Ең бірінші, балалардың психологиялық жағдайы, өздерінің қорқыныштарын басқаруы, таныс емес сұрақтар кездескенде логикалық ойлау қабілеттері және қиын жерден алған білімдерін пайдаланып, өздерін көрсете білуі, өз ойларын пайдалана білуі ол біз үшін маңызды.

Қазір ақылы түрде ҰБТ тапсыру құны 5640 теңге. Бағаны төмендету қарастырылып жатқанын айта кету керек. Ал жаз мезгілінде мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін дәстүрлі тегін Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді.

Гүлзина Жадахова, С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназия директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары:

– Биылғы оқу жылын 71 түлек мектеп бітіргелі тұр. Оның ішінде қазіргі қаңтар айындағы ақылы оқуға түсуге 41 оқушы өтініш білдірді ҰБТ тапсыруға.

Мектеп бітірушілердің тағы бір легі бүгін тест тапсыруға келді. Байқағанымыз, бұл күндері олардың жолы болатын сыңайлы. Дүрбелең жоқ. Бәрі өз ретімен. Жеке заттарды жәшікке өзіңіз кілттеп қалдырасыз. Биометриялық фейс-айди жүйесі тұлғаңызды айтпай-ақ анықтайды. Байыппен, тест тапсыру орныңызға жайғасасыз. Шөлдесеңіз, су да дайын. Дәрігер отыр, қаласаңыз психолог келеді көмекке. Істің ретін мемлекеттік комиссия бақылап тұр. Республикада дәл осындай сынақ өтетін 43 орын бар. Алдағы наурыз айында бақ сынауға тағы мүмкіндік болады. Оған тіркелу 25 ақпан күні ашылады.

Авторлары: Рухани Асқар, Асхат Қарақойшиев