ҰБТ-дан талапкерлердің 65%-ке жуығы шекті балды жинады

ҰБТ-дан талапкерлердің 65%-ке жуығы шекті балды жинады

Талапкерлердің 65%-ға жуығы наурыз айындағы ҰБТ-да шекті балл жинады, бұл былтырғы көрсеткіштермен сәйкес келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал орташа балға келетін болсақ, ол 65 балды құрады. Ең жоғары балл – 134.

Наурыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығы 105 мыңға жуық өтініш тіркелді, оның жартысынан көбі тестілеуді тапсырып үлгерді. Түлектердің 74,2%-і қазақ тілінде, 25,6%-і орыс тілінде, 0,2%-і ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Наурыз айындағы ҰБТ-ға ерекше білім беруді қажет ететін 130 бала қатысты. Айта кетсек, биыл алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы қосымша 40 минут уақыт берілді.

 «Наурыздағы ҰБТ 4-31 наурыз аралығында 43 өңірлік тестілеу орталығында өтті. Өткізу форматы мен сұрақтар саны өзгермейді. Наурыз айындағы ҰБТ-ның жаңалықтарының бірі – біз жеке тақырыптық талдау енгіздік. Тестілеу нәтижелері бойынша тестіленушілердің жеке кабинетінде тек жинаған балл көрсетілген сертификат қана емес, сонымен қатар әр пән тақырыптары бойынша талдау да болады. Тестіленуші қандай тақырыптан қате жібергенін көріп, сол бойынша жұмыс жасай алады. Бұл түлектерге жазғы ҰБТ-ға сапалы дайындалуға көмектеседі деп үміттенеміз», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тестілеуден өту мүмкіндігінен 63 талапкер айырылды.