Бұрынғы Білім министрі Шәмша Беркімбаева өмірден озды

Бұрынғы Білім министрі Шәмша Беркімбаева өмірден озды

Білім және ғылым министрі Шәмша Беркімбаева өмірден озды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасына жариялады.

«Беркімбаева Шәмша Көпбайқызының өмірден озғаны туралы суыт хабар жетіп, көңілді құлазытты.

Шәмша Көпбайқызы еңбек жолын ауыл мұғалімі болып бастаған. Ол әр жылдары мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, Білім министрінің орынбасары, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарды, сонымен қатар Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Білім және ғылым министрі болды.

Ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры болды. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, академик Шәмша Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына үлкен үлес қосты.

Шәмша Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға және дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді.

Жұмыс кездесулері кезінде Шәмша Көпбайқызы үнемі өз тәжірибесімен және кеңестерімен бөлісіп, білім саласындағы жаңалықтарды қадағалады.

Отандық білім мен ғылым саласының көрнекті тұлғасының өмірден озуы – орны толмас өкініш. Шәмша Көпбайқызының отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын» деп жазды ол.