Теміртауда оқушылар металлург мамандығының қыр-сырымен танысты

Теміртау қаласының оқушылары «Арселор Миттал Теміртау» комбинатының жұмысын көріп танысып қайтты. Жоғары сынып оқушылары экскурсия барысында комбинат цехтарын, өндіріс орындарын көріп, мамандармен тілдесті. Тіпті кейбірі аталған шарадан кейін металлург болуды қалап, жұмысшы мамандықты таңдайтынын айтты.

Мыңдаған градуста болаттың қорғасындай балқып, кейін адам қалаған бейнеге келетінін күнде көре бермейсің. Бүгін Теміртау қаласындағы алып комбинат өкілдері балаларға осындай мүмкіндік жасап отыр. Мамандық таңдаудың алдында тұрған оларға барлық цехтің ерекшеліктері көрсетілді. 

Николай Кытманов, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету бойынша цех бастығының орынбасары:

- Бұл жер бізде станоктар паркі деп аталады.  Осында қажетті құрал саймандардың барлығын өзіміз жасап шығарамыз. Бізге қажетті детальдардың сызбасын жасап береді. Бұл зауыттың аса маңызды бөлігі болып есептеледі. Осында бізге аса тәжірибелі мамандар қашанда керек.

Балалар слесарь, токарь, машинист сынды өндірісте аса қажет жандардың қиын жұмысымен танысып, меткомбинаттың жүрегі болып есептелетін домна өндірісін көрді.  Шойынды майша шайқап, кейін конверттік цех арқылы болатқа айналдыру балалардың таңданысын тудырған.

Данил, оқушы:

- Шынымды айтсам осындағы цехтердің іші суық әрі жұмыс істеуге ыңғайсыз деп ойлайтынмын. Мүлде олай емес екен.  Оқуымды оқып аяқтаған соң осында жұмысқа келемін деп жоспарлай бастадым. Әсіресе вагон цехі ерекше таңқалдырды.

Бұдан өзге оқушылар машинисттермен сөйлесіп, пойызды басқаруға мүмкіндік алды.

Атап өткен жөн, тек осы комбинатта 8 темір жол станциясы бар, ондағы шойын жолдың ұзындығы 300 шақырымнан асады. 50 локомтив пен 1500-ден астам вагон тіркелген.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Аслан Демесбаев