СҚО-да жаңа оқу жылына дайындық қызу

Бұл – Тоқшын мектеп – гимназиясы. Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ошағында жұмыстың нағыз қызған шағы. Қазір құрылысшылар еден мен есіктерді толығымен ауыстырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан соң шатырымен ғимараттың қасбеті  жаңаланатын болады.

Күлшара Хамидуллина, Тоқшын мектеп-гимназиясының директоры:

- Қажетті материалдар сатып алынды. Қазір жұмыстар жоспарға сәйкес жүрігізіліп жатыр. Бұдан бөлек интернаттың шатыры, есік-терезелері және едені ауыстырылды. Шаруалар 30 мамырда басталды.  

Құрылысшылар жұмыстардың жартысынан астамын еңсерді.  Сәтін салса, іс  тамыз айының соңына дейін аяқталуы керек.

Айбол Түлеков, мердігер:

- 25 адам жұмыс істеп жатыр. Мынау здания интернаты бар. Оны бітіп қалдық. Ішіндегі отделка, линолиум келді, бүкіл материалдар келді. Сол жұмысы ғана қалды. Соны 25 тамызға дейін талабымыз бар бітіретін.

Өткен оқу жылының соңында мұнда акт залының төбесі құлап, ол қас-қағым сәтте үйіндіге айналды. Сол кезде балалар қашықтықтан оқуға жіберілген еді. Әзір мұнда  жаңа залын салу жоспарда жоқ.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Сәуір айында акт залының шатыры опырылып түскен болатын. Абырой болғанда ол кезде ешкім зардап шеккен жоқ. Сараптамадан кейін мамандар бұл нысанды бір жола бұзып тастауды жөн санаған. Енді аталған білім ошағы акт залынсыз болады.

 

Биыл өңірде тек 27 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.   Дегенмен өңірде әлі жүздеген білім ошағы жаңалауда қажет етеді.

Владимир Ткачкенко, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 27 мектептің 20-на қаржы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінді. Жалпы қарастырылып отырған қаржы – 2,4 млрд теңгені құрап отыр. Жыл сайын облыста жоқ дегенде 30 шақты мектеп жөнделеді. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты биыл олардың саны сәл аздау болды. 

Қазір Тайынша ауданында үш апатты мектеп бар. Екеуінің құрылысы басталды. Алғашқысы сәтін салса желтоқсан айында халық иігілігіне беріледі.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов