Өскеменде аутист балаларға арналған білім беру кешені ашылды

Өскеменде алғаш рет аутистік ауытқушылығы бар балаларға арналған білім беру кешені ашылды.

Аталған мекемеде балабақша мен мектеп бірге ұйымдастырылған. Оған қазірдің өзінде 111 бүлдіршін барып жүр. Оның  отыз тоғызы бірінші сыныпқа қабылданды. Мұндай мекемелерге мұқтаждар саны жыл сайын артып келеді.  Өйткені өлкеде осындай ауытқушылыққа шалдыққан мыңнан астам  бала тіркелген. Ал олардың  замандастарымен қатар білім алуы күрделі сұрақтардың біріне айналған.Енді осы мәселе ақырындап шешім таба бастады. Ерекше балалар мұнда коррекциялық  сабақтарға негізделген ыңғайлы бағдарламамен оқиды.Шығармашылық,спорттық үйірмелер де бар. Әр бүлдіршін психологтың, логопедтің жіті назарында. Ең басты мақсат - әрбір баланың әдеттегі мектепте білім алуына ықпал етіп, соған бейімдеу. 

Лилия Мамбурова, мамандандырылған мектеп-балабақшаның директоры:

- Балалар бізде таңғы сағат 8-ден кешкі 5-ке дейін болады. Яғни бұл  бүлдіршіндерге ғана емес, ата-аналарға да тиімді. Олар балаларын бізге сеніп тапсырып, өздері жұмыс істей алады. Ал біздің тәрбиеленушілер болса білімдерін кеңейтіп кейін инклюзивті мектеп табалдырығн аттауға дайындалады.