Елімізде ерекше диктант өтті
Елімізде алғаш рет Қазақстанның алғашқы географиялық диктанты өтті. Республикалық іс-шараға бір уақытта ел бойынша он ұйым қатысты.
Аталған шараның мақсаты – географиялық білімді насихаттау және еліміздің тұрғындары мен қонақтары арасында Қазақстан географиясын зерттеуге қызығушылықты арттыру.
Географиялық диктант – қатысушылардың ойлау қабілетін дамытып, географиялық білім беруді жүйелейді. Сонымен қатар бұл шараға қатысу – білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың еліміздегі білімі мен мәдениетін дамытудағы белсенді рөлін көрсетеді, дейді ұйымдастырушылар.
Диктант оффлайн форматында өтіп, мұнда әрбір қатысушы қазақ және орыс тілдерінде еліміздің географиясы бойынша білімін тексеруге мүмкіндік алды.
Диктант анонимді өтіп, тіркелу кезінде әрбір қатысушыға оның нәтижесін білуге болатын бірегей код берілді. 2024 жылдың 26 сәуірінде нәтижелер «QazaqGeography» Instagram аккаунтында сәйкестендіру нөмірлері бойынша жарияланады. Шара соңында барлық қатысушыларға «QazaqGeography» сертификаттары мен журналдары табыс етілді.
Шараға келесі жоғары оқу орындары мен географиялық ұйымдары қатысып, геодиктантты өткізуге мүмкіндік беретін аймақтық алаңға айналды: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, Әлихан Бөкейхан атындағы университет, Шәкәрім атындағы Семей университеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Павлодар География Үйі мен «QazaqGeography» кеңсесі. Осы университеттер мен ұйымдардың аудиторияларында Қазақстан географиясы бойынша білім жарыстыру үшін барлық жастағы 100-ден астам қатысушылары жиналды.
Біз Қазақстанның Географиялық диктанты идеясының осындай қызығушылыққа ие болғанына және еліміздің географиясына құмар түрлі жастағы адамдарды біріктіргеніне қуаныштымыз. Біздің мақсатымыз – географияға деген қызығушылықты арттырып, одан да көп азаматтардың бірегей мұрамызды танып, сүюіне мүмкіндік беру, – деді «QazaqGeography» РҚБ басқарма төрайымы Әйгерім Мұсағажинова.