Елімізде ҰБТ тапсыру басталды

Осы жылдың бірінші Ұлттық бірыңғай тестілеуі басталды. Ол 10 ақпанға дейін өткізіледі.

ҰБТ-ға қатысуға 125 мыңға жуық өтініш түсті. Өтініштерді қабылдау Ұлттық тестілеу орталығының "app.testcenter.kz" сайтында 20 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін жүргізілді. Тіркелу кезінде тест тапсырушылар емтихан орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды. Айта кеткен жөн, 2023 жылғы ҰБТ-да тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Қазақстан тарихы бойынша тестілеуге қатысушылар 20 тапсырманы, оқу сауаттылығы 15, математикалық сауаттылық 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырманы орындайды. Барлығы 120 сұрақ. Ең жоғары балл 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағат. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады. Тестілеу кезінде қатысушыларға өздерімен қалам, су және шоколад алып келуге рұқсат етіледі.