Білім ордаларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

Еліміздегі білім ордаларында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қатаң қолға алынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейнебақылау камераларынан бөлек ғимараттың кіре-берісіне темір турникеттер орнатылып жатыр. Мәселен, мұндай құрылғы Ақтаудағы 21 мектепте бар. Еліміздің шығысындағы 134 оқу ордасы болса бұл жүйені былтырдан бері қолданып келеді. Электронды өткізу құралдары әзірге тек Түркістанның мектептерінде кемшін. Өңірдегі 34 ғимараттың тек біреуінде ғана орнатылыпты. Ал Оралда 8-інде ғана бар. Білім беру мекемелерінің төтенше жағдайға дайындығын тілшілеріміз байқап қайтты.

Бейнебақылау камералары мен дабыл батырмасынан бөлек электронды турникеттерді орнату – заман талабы. Себебі былтыр көршілес Ресейдің 9 өңірінде білім ордасына шабуыл жасау дерегі тіркеліп отыр. Бұдан бөлек, Пермь мен Қазан қалаларында қылмыскерлердің оқу орындарына кіріп, қанды қырғын салғаны естен шыға қойған жоқ. Сондықтан балалардың қауіпсіздігін қамтамассыз ету мақсатында 134 турникет орнатылған. Автоматты өткізу құрылғысының бейнебақылау жүйесі де бар.

Өңірлік білім басқармасы мамандары облыстағы барлық мектептің бейнебақылау жүйесімен қамтамассыз етілгендігін айтып отыр. 7 мыңнан астам камера орнатылған. Дабыл батырмасы да бар. Оқыс оқиға бола қалған жағдайда тәртіп сақшылары 5-7 минут ішінде жетуі тиіс.

Дастан Нұрмұхамбетов, қалалық ПБ жедел басқару орталығының бастығы:

- Өскемен қаласында 58 орта білім беру мектептерінде арнайы қондырғылар, «тревожный кнопка» деген батырмалар бар. Солар арқылы олар барлығы жедел басқару орталығының пультіне, кезекші бөліміне қосылған. Керек жағдайда осы батырмаларды басып, біздің көшеде жүрген полиция батальонының экипаждары сол аталған орынға келіп, өздерінің әрі қарай көмегін көрсетеді.

Облыс орталығынан шалғайдағы мектептердің бейнебақылау камералары әзірге аналогты жүйеде. Жедел басқару орталығымен тікелей байланыс болмағандықтан, жергілікті күзетшілердің жіті бақылуында болуы тиіс. Автоматты турникеттер өңірдегі 204 мектепке әлі орнатылмаған. Алдағы 2 жыл ішінде аймақтағы барлық 342 білім ордасы қамтамассыз етіледі деп күтілуде.

Ал Ақтауда 21 мектептің кіреберісінде турникет тұр. Ұстаздар мен оқушылар білім беру мекемесіне арнайы карта арқылы кіріп шығады. Қолданушының аты-жөні жазылған карта тегін беріледі. Заманауи үлгідегі құралдар «Қауіпсіз мектеп»  жобасы аясында орнатылған. Өз кезегінде ата-ана баланың сабаққа барғанын немесе сыртқа шыққанын ұялы телефон қосымшасы арқылы бақылай алады. Жаңаөзен қаласы мен Түпқараған ауданында орналасқан білім ұялары да турникетпен жабдықталып жатыр. 

Құралай Ғазимова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Арнайы күзет мекемелері енгізіліп, 57 мектепте турникеттер орнатылды. Бұл жұмыстар жалғасады. 2023 жылы 50 мектепте турникеттерді орнатуға  жергілікті бюджеттен 460 млн теңге қаражат бөліну жоспарлануда. Бұл  турникеттер, ең біріншіден, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орнатылып жатыр.

Бұл тұрғыдан қауіпсіздік мәселесі Түкістан мен Орал, Алматы қалаларында ақсап тұр. Мәселен, Оралдағы мектептердің тек 14%-і ғана автоматты өткізу жүйесіне көшсе, былтыр Алматыдағы 207 оқу ордасының 28-інде ғана болған. Соған қарамастан оқу-ағарту министрлігі білім беру ғимараттарына қауіпсіздік жүйесін жаппай орнату жақын арада қолға алынады деп отыр. 

Тимур Қазтуғанов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

- Біздің министрлік қауіпсіздік шараларын орталықтандырып, бейнебақылау камералары мен өткізу турникеттері, күзету жүйесін біріктіруді көздеп отыр. Кез келген компьютер арқылы бақылап, төнген қатердің алдын алуға болады.

Әзірге полицияның жедел басқару орталығына мектеп ішіндегі камералардың 46%-і ғана қосылған. Автоматты өткізу жүйесін орнату үшін кей жағдайда ғимарат дәліздерін кеңейтіп, қосалқы есіктер де орнату қажет болуы мүмкін. Өртке қарсы қауіпсіздікті де ескерген жөн.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Вячеслав Ветлугин, Жигер Бабаканов, Саламат Бекбаев.