Қазақстанда академиялық білім хабы құрылуы мүмкін
Қазақстанның аймақта үлкен академиялық білім хабын құруға мүмкіндігі жоғары. Бұл туралы АҚШ-та жұмыс сапарымен жүрген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек біздің тілшімізге берген сұхбатында айтты.
Пенсильвания университеті қазақстандық студенттерге 1,5 миллион доллардың грантын бөлді. Министр бірнеше күннен бері АҚШ-тың үздік оқу орындарының Қазақстанда филалдарын ашу туралы келіссөздер жүргізді.
Әлібек Кеңес Пенсильвания штаты университетінде ядролық инженерия мамандығын меңгеріп жатыр. 2016 жылдан бері білімін тереңдетіп, қазір докторантура оқиды. Ол атом энергетикасының болашағына сенеді. Қазақстанда өз саласын дамытуды көздейді.
Әлібек Кеңес, Пенсильвания университеті ядролық инженерия докторанты:
- Америкаға қарасаң да, Францияға қарасаң да, Жапонияға қарасаң да –барлықтары осы салада тез қадамдармен жүріп жатыр. Біз артта қалмау керекпіз деп ойлаймын.
Әлібек сияқты заман талабына сай мамандықтарды меңгеруге қазақ жастарына мол мүмкіндік ашылып отыр. Соның ішінде ядролық технология, ауыл шаруашылығы, генетика, биотехнология саласын оқып, халықаралық дәрежедегі заңгер атана аласыз. Ол үшін Пенсильвания штаты университеті Қазақстан студенттеріне 1,5 миллион доллар грант бөлді.
Стив Барнес, Пенсильвания университеті халықаралық бағдарламалар жетекшісі:
- Біздің университет Қазақ елінде көптеген ЖОО-мен байланыс орнатқан. «Болашақ» бағдарламасымен жүздеген студент бізде білім алды. Енді Қазақстанның білім саласына да инвестиция салуды көздеп отырмыз. Қазақстандық студенттер білімінің іргетасы жақсы. Еңбекқор, оқысам, білсем деген ынтасы өте жоғары.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Бұрын «Болашақ» бағдарламасының аясында 2012 жылы ең көп АҚШ-та оқитын қазақстандық студенттердің саны осы жерде болған. 115 степендия иегері осы Пенн Стэйтте оқыған. Енді осы қызығушылықты қайтару үшін университет өз есебінен біздің азаматтарымызға 1,5 миллион доллар көлемінде гранттар беріп отыр. Олардың мақсаты – Қазақстаннан келетін оқушылардың санын көбейту.
Демек қазақстандық студенттер Пенсильвания штаты университетінің есебінен докторантура, магистратурада оқи алады. АҚШ-та жұмыс сапары барысында Ғылым және жоғары білім министрі үздік оқу орындары басшылығымен кездесіп, елімізде филиалдарын ашу жөнінде келіссөз жүргізді.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Мақсатымыз – ең мықты бағдарламаларды, ең мықты университеттерді Қазақстанға әкеліп, тек Қазақстан емес, жалпы біздің аймақта, басқа елдерден де студенттерді шақырып, Қазақстанды сапалы білімнің үлкен академиялық хабына айналдыру. Қазір бізде керемет мүмкіндік пайда болып тұр. Бұрын біздің аймағымызда үлкен академиялық хаб Ресей, Украина болған. Осы мүмкіндікті біз дұрыс пайдалансақ, Қазақстанның жоғары білімі тек дотация сұрап отырған сала емес, өзі салық төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашатын шет елден студент әкелетін үлкен салаға айналуы мүмкін.
Былтырдан бері Солтүстік Қазақстандағы Петропавлда Аризона Университетінің филиалы жұмыс істейді. Биыл оқу орыны 500 студент қабылдамақ. Сонымен қатар, осы жылы технологиялық бағыттағы Шотландияның Хериот-Уотт университетінің филиалы ашылады. Өйткені Президент министрге 2025 жылға дейін әлемнің мықты ЖОО филиалдарын әкелуді тапсырған.
Авторы: Нұрбек Бекен.