Еліміздің ғалымдары түркі тілдерін тану технологиясын шығарды
Қазақстандық ғалымдар «түркі тілдерді тану» технологиясын ойлап тапты.
Қазір әлемге кеңінен танымал «Алекса» және «Сири» секілді қосымшаларды қолданушылардың саны артып келеді. Осыны ескере отырып, Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының мамандары бірнеше түркі тілді танитын жаңа технология әзірлеген.
Жаңа жүйенің ерекшелігі сол, қазақ тілінен бөлек ол тағы 9 тілді тани алады. Атап айтқанда, әзербайжан, башқұрт, қырғыз, өзбек, ұйғыр, саха, татар, түрік және чуваш тілдерін автоматты түрде анықтайды. Оны жүзеге асыру үшін өзіңізге қажетті тілде аудио тетігін басу арқылы сөйлеміңізді айту керек. Сонда ол автоматты түрде мәтінге айналады.
Рүстем Ешпанов, Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының техникалық құжаттарын әзірлеушісі:
- Жобамыздың мақсаты түркі тілдерін фонетикалық, лексикалық, морфологиялық ұқсастықтарды қолдана отырып, цифрлық әлемдегі тілдік және сөйлеу ресурстары аз түркі тілдеріндегі сөзді тану жүйелерін дамытуға үлес қосу. Мысалы, сіз виртуалды ассистентке бірнәрсе айтсаңыз, ол соның бәрін жазбаша түрде береді.
Жаңа жүйені қалта телефонына тегін жүктеп алуға болады. Ғалымдардың айтуынша, бұл әсіресе түркітілдес азаматтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі екен. Яғни өзге тілдегі сөздің дұрыс жазылуын білмегендер аталмыш жүйені қолдана алады.
Хусейн Атакан Варол, профессор:
- Бұл жүйені Қазақстанның барлық электрондық порталында қолдануға болады. Оны сайт арқылы тегін жүктеп алуға мүмкіндік бар. Қазір біз жасап жатқан жобалардың барлығы еліміздің технологиялық дамуымен қатар, осы салада білікті мамандарды дайындауға ықпал етеді.
Ғалымдардың сөзінше, жүйені жасап шығаруға жарты жыл уақыт кеткен. Олар мұны Азия, Еуропа және Америка Құрама Штаттарының үлгілерін ескере отырып, жасанды интеллект саласындағы ұлттық әлеуетті дамытуға бағытталғанын айтады.
Альмира Оразбай, Серік Қоңырбаев