Қазақстанның бір топ ректоры іскерлік байланыс мақсатымен Ұлыбританияға барды
Тұманды Альбионның озық оқу орындарымен іскерлік байланыс орнату мақсатында Қазақстанның бір топ ректоры Ұлыбританияға барды.
Іссапардың алғашқы күнінде делегация басшысы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек “Болашақ” бағдарламасы арқылы білім алып жатқан студенттермен кездесті. Лондондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы сабақтайды.
Тілеген Едігеев және Арайлым Пірімжарқызы Сассекс университетінің магистранттары. Стратегиялық-инновациялық басқару және жоба менеджері мамандықтары бойынша оқып жатыр. Ақтау және Ақтөбеден Ұлыбританияға білім қуып келген студенттер болашақта Қазақстанның дамуы үшін өз үлестерін қоспақ.
Тілеген Едігеев, студент:
- Мен инвестиция, кәсіпкерлік, индустрия, инновацияны жан-жағынан қарап, толықтырып, Қазақстанға келгеннен кейін нақты қалыптасқан маман ретінде еліме көмектесе алатын мүмкіндігім бар.
Арайлым Пірімжарқызы, студент:
- Проблемалардың түбі қайда жатыр? Стратегия қалай құру керек? Соның барлығын теория жүзінде ғана емес, мен оны Қазақстанның жақсы бір қызықты жобалар болса, сол жобалар арқылы жүзеге асырып, өзім үшін де бір тәжірибе жинағым келеді.
Бүгінде 300-ден астам стипендиат Ұлыбританияның Russell group қауымдастығына кіретін беделді жоғарғы оқу орындарының студенті. Олар инженерлік техникалық, медицина, IT және басқа да мамандықтар бойынша магистратура және докторантурада оқып, тағылымдамадан өтуде. Биылғы жаңалықтардың бірі стипендиаттарға алған білімдерін шыңдау үшін шетелдік компанияларда жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Әнуар Жанғозин, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы:
- Global fortune - ең үздік компаниялардың тізімі қарастырылған. Сол тізімге кіретін компаниялардан егер жұмысқа тұру бойынша ұсыныс болса біздің стипендиаттарда, онда біз бір жылға дейін жұмыс не болмаса, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береміз.
Ғылым және жоғары білім министрі бастаған топ, сондай-ақ, Times Higher Education рейтингтік агенттігінің өкілдерімен кездесті. Қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары халықаралық рейтингтерге енудің тың әдіс-тәсілдердерімен танысты. Бұдан бөлек UCL университеті факультеттерінің декандарымен дидарласудың сәті түсті.
Брэд Блитз, UCL Университеті Білім, тәжірибе және қоғам департаментінің басшысы:
- Біз білім беру саласына маманданған оқу орнымыз. Қазақстандық білім ордаларына басқару, мамандандыру, зерттеуді дамыту, оқытушыларды дайындау сияқты бағыттар бойынша қолдау білдіруге ниеттіміз.
Іссапар мақсаты Ұлыбританиядағы үздік академиялық және зерттеу университеттерімен ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бүгін қазақстандық ректорлар бірқатар британиялық әріптестерімен кездесіп, пікір-алмасулар жалғасады.
Ғалымжан Қараманұлы