Ақтөбеде британдық университеттің филиалы ашылады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Тұманды Альбионға іссапары аясында үшжақты меморандумға қол қойылды. Енді қазақстандық жастар шекара аспай-ақ озық оқу орнының дипломын иелене алады. Бұл университетке шетелдік студенттерді де тарту жоспарда бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өткен жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен шетелдік жетекші оқу орындарының филиалдарын Қазақстанда ашу жұмыстары қарқын алды. Бұған дейін ресейлік және америкалық университеттер елімізде студенттер қабылдай бастаса, биыл британдық жоғарғы оқу орнының есігі Ақтөбеде айқара ашылмақ.
Марк Биггс, Heriot-Watt университетінің проректоры:
- Хериот-Уотт университеті үшін әлемдік деңгейдегі білімді қолжетімді еткізу стратегиялық тұрғыда өте маңызды. Біздің Малайзияда және Дубайда оқу ғимараттарымыз бар. Қытай, Африка, Кариб өңірінің елдерімен әріптестік орнатып, трансұлттық деңгейде тәжірибе жинақтадық. Біз Қазақстанда да жетістіктерге жететінімізге сенімдіміз.
Хериот-Уотт – әлемдік QS рейтингінде үздік 200 университеттің қатарына кіретін Ұлыбританияның байырғы білім ордасы. Келісімге сәйкес ол енді Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында «Мұнай-газ ісі», «Электроэнергетика» және «Компьютерлік инженерия» мамандықтары бойынша білім береді.
Лаура Қарабасова, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры:
- Осы оқуды табысты аяқтаған кез келген студент 2 бөлек диплом алатын болады. Біреуі – Хериот-Уотт университетінің дипломы, екіншісі – Жұбанов университетінің дипломы. Алынған диплом, алынған дағдылар, білімдер, тәжірибе әлемдік деңгейде бәсекеге түсуге біздің студенттерге мүмкіндік береді.
2 млрд-тан астам тұрғыны бар Азия мемлекеттерінде үлкен демографиялық дүмпу байқалып жатыр. Мәселен, Үндістанда 23 жастан төмен азаматтардың саны 600 млн-нан асып жығылады. Демек әлемдік деңгейдегі жоғары білімге деген қажеттілік жыл сайын арта бермек. Сондықтан Қазақстан осы мүмкіндікті қалт жібермей, нарықтың сұранысын қанағаттандыруға тырысып бағуда. Бұл ретте британдық бай тәжірибенің берері мол.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:
- Британиялық білімнің сапасы әлемге әйгілі. Жергілікті жерде ол –экономиканың өте табысты секторы. Біздің мақсатымыз – сол тәжірибені жинақтау үшін қазақстандық және британиялық университеттер арасында әріптестік орнатуға көмектесу. Сол арқылы еліміздегі жоғары білімнің пайда әкелуіне жағдай жасау.
Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік университеттердің көмегімен ірі академиялық хаб ашуды жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде оларды қызықтыру үшін министрлік қаржылай қолдау көрсетпек. Гранттар мен шәкіртақылар бөлініп, инфрақұрылымға инвестициялар құйылады. Нәтижесінде санаулы жылдардан кейін бұл жоба табыс әкелуі керек, - дейді Ғылым және жоғары білім министрі.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім беру министрі:
- Біздің амбициямыз – 5-7 жылда жоғары білім саласын дотациялық, әлеуметтік, әрдайым мемлекеттің қолдауын сұрап жүрген саладан коммерциялық, экспортқа бағытталған, мықты, өз-өзін асырайтын және де жұмыс орындар жасайтын, салық төлейтін салаға айналдыру.
Бұдан бөлек, Ұлыбританияның жоғары білім стандарттары мен сапасын тексеретін тәуелсіз орган QAA агенттігімен де келісімге қол қойылды. Оған сәйкес агенттіктің филиалы Қазақстанда ашылып, еліміздегі шетелдік университеттердің сапасы бақылауға алынады. Халықарлық ойыншылар білім нарығына енгеннен кейін отандық оқу орындарының білім беру сапасы да көтеріледі деген сенім бар.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.