Қарағандылық оқушылар тарихты комикс жанрында меңгере бастады

Қарағандыдағы Нығмет Нұрмақов атындағы мектеп оқушылары Қазақстан тарихын комикс арқылы оқи бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы аннимациялық журнал Қазақ хандығы тақырыбына арналған. Оны 11-ші сыныптың балалары құрастырып, қолмен салып шықты. 20 беттік басылымды жарыққа шығару үшін авторлар тура 2 ай еңбектенген. Түрлі оқулықтарды оқып, кинолар көріп, мақалаларға шолу жасап, көп ізденіпті. Енді келесі санын Алаш қайраткерлеріне арнап отыр. Журнал 40 бет болады. Бұл жолы комиксті компьютермен салып жатыр. Жылына 4 санын жарыққа шығару жоспарда. Әрқайсы түрлі тарихи кезеңді қамтиды.  

Фатима Әмірзада, журналдың бірлескен авторы:

- Біз қазақша комикс жасағымыз келді. Өзіміздің ойларымызды жазғымыз келді. Себебі қазақ тілінде бізде контент өте аз. Біз сол үшін қатты қынжыламыз. Осыны түзеткіміз келді. Сол үшінде біз осы комиксті жасағымыз келді.

Әсем Тарыбаева, Н. Нұрмақов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі:

- Балалардың тарихқа қызығушылығын арттыру мақсатында шығарған болатынбыз. Сол мақсатқа жету үшін біз оны баланың тілінде түсіндіргіміз келді. Жасырын емес, қазір балалардың барлығы осы комикс, аниме жанрына қатты қызығады. Сабақта мен оны қолдануға тырысамын. Бірақ 45 минут бойы комикс түрінде сабақ жүргізбейміз. Себебі біздің өзіміздің мемлекеттік бағдарламамыз бар. Сабаққа қосымша ретінде.