Атырау облысында білім саласындағы мәселелер талқыланды
Атырау облысы білім сапасы бойынша өңірлер арасында соңғы үштікте тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл – бірнеше жылдан бері қордаланған мәселе. Маман тапшылығынан бөлек, қазір 30 мектепте директор жоқ. Түйткілді шешу жолдары өңірде алғаш рет өткен «білім сапасы мен оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттыру мәселелері» тақырыбындағы облыстық семинар-кеңесте талқыланды. Жиында мектеп басшысының тұлғалық келбеті, түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау секілді мәселелер де көтерілді. Биыл 3 ауысымды мектептерді жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 2025 жылға дейін 12 мектеп салу жоспарланып отыр.
Қаныбек Жұмашев, облыстық Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы:
- Мектеп директоры – ерекше ұжымның басшысы. Бұл – зияткерлік ортаның басшысы. Сондықтан өзі де соған сәйкес білікті болуы керек. Міне, осы бағытқа қарай жұмысты бастап, осы бағыттағы арнайы практикумды, дәрістерді ұйымдастырып, мектеп директорларының деңгейін көтеріп, жалпы көңілін, назарын, зейінін аударғымыз келеді. Әрине, мұнымен ғана білім сапасын арттыру шектелмейді. Сонымен қатар білім сапасына тиянақты, кешенді жоспар жасауымыз керек.
Аятжан Ахметжан, білім саласының сарапшысы:
- Бұл жердегі негізгі мәселе – өңірлік білім сапасын арттыру, білім сапасындағы түйткілді мәселелерді мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып талқылау. Әрқандай білім сапасы мұғалім сапасынан биік болмайды. Сондықтан, ең алдымен, мұғалімдерге әдістемелік және пәндік білімдік көрсеткіш ең маңызды.