Түркістан облысында 30 мың бала тегін үйірмемен қамтылады
Биыл Түркістан облысында «АртCпорт» жобасын іске асыруға 4,6 млрд теңге бөлінді.
Оның 2,2 млрд теңгесі мәдениет саласындағы шығармашылық үйірмелерге беріледі. Облыс бойынша 30 мың бала спорттық және шығармашылық үйірмелерге қатысады деп жоспарланған. Бұл туралы жауапты сала мамандарының басын қосқан алқа мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары мәлімдеді. Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, жобаның басты мақсаты көп балалы, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды тегін үйірмемен қамту. Өткен жылы осы жобаны жүзеге асыруға 1,6 млрд теңге қаржы қаралған болатын. Алайда тексеріс барысында кейбір кәсіпкерлердің үйірмеге келмеген балаларды «қатысты» деп көрсетіп, мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны анықталды. Соның салдарынан шын мәнінде үйірмеге қатысуға мұқтаж бүлдіршіндер мемлекеттің қолдауынан тыс қалды. Сондықтан биыл жауаптылар жобаға қатысушылардың құжатын электронды түрде қабылдамақ. Мұқият тексеріп, «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермейміз деп отыр.
Бейсен Тәжібаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Аталған өнім беруші кәсіпкерлерге біз осы шығармашылық үйірмені барынша шынайы, таза, бекітілген қаражатты өз мақсатында тиімді жұмсауын тұрақты түрде қадағалап, ескертіп келеміз. Біздің қазіргі қаражатымыз бекітілген балалардың базалары енгізілген. Автоматты түрде есептеп, осы көлемдегіні жыл бойы осы балаларға тиісті деңгейде төлеуге аталған қаржының мүмкіндігі бар.