Алматылық оқушылар мектептегі жылыжайлардан өнім жинауды бастады

 

Қыркүйекте егілген дақылдардың біразы бүгінде пісіп, жеуге жарап тұр.

«Жасыл мектеп» жобасы осыдан үш жыл бұрын қолға алынған. Мемлекеттік мектептердің жанынан ашылған жылыжайда оқушылар теориялық білімін, тәжірибемен байытуда. Шағын жылыжайда қияр, бұрыш, қызылша, аскөк сынды көкөністерді оқушылардың өздері баптайды. Жемісін жинап, жәрмеңке жасап тұрады екен. Жылыжайдан түскен қаражат қайырымдылыққа аударылады.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Алматы қаласының 16 мектебінде дәл осындай жылыжай жұмыс істейді. 2021 жылы қолданысқа берілген жылыжайлардың іші толықтай автоматтандырылған. Яғни, жылу, тамшылатып суару, ультра күлгін сәуле барлығы автоматты түрде жұмыс істейді. Мұндағы оқушылар тек қана көкөністерді баптап, бақылаумен ғана айналысады. 

«Жасыл мектеп» деп аталатын жылыжайдың біреуі № 201 мектеп-гимназиясында орналасқан. Мұнда оқушылар тәжірибелік сабақ өткізіп, экология, биология пәндерінде алған теориялық білімін жетілдіреді. Ұстаздардың айтуынша, бақшаны баптап, көкөністі өсірудің қыр-сырын меңгерген оқушылар ертең экология жанашыры болып өседі. 6-сынып оқушысы Шапағат Темірбек көкөністер дүкен сөресіне түскенге дейін қанша кезеңнен өтетінін білмейтінмін,-дейді.

Шапағат Темірбек, 6-сынып оқушысы:

- Әрбір сабақта біз жылыжайға келіп, бұл жақта өсімдіктердің қалай өсетінін, оларды қалай өсіру керек, қанша мм су құю керек екенін білдім. Олардың арам шөптерін қалай жұлу керек екенін, қалай өсіру керек екенін, оларға қандай қауіпсіздіктер керек екенін, температурасы қанша болу керек екенін білдім.  

Оқушылар өсірген көкөністер мектеп асханасында да пайдаланылады. Мұнда өскен қияр, қызылшаның, бұрыш пен қызанақтың сапасы өте жоғары. Оқушылар көлемі 60 шаршы метр жерден тонналап өнім алмаса да, жылыжай өндірісінің әліппесін үйреніп шығады. Болашақта агробизнеспен айналысып жатса мұнда алған білімдерінің кәдеге жарайтыны сөзсіз. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары дәстүрлі көкөністерден басқа өсімдіктерді жерсіндіру, будандастыру әдістерін де іске асырады екен.  

Олжас Серікбаев, №201 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі:

- Біз эсперимент ретінде әр жылы өзіміздің мектебіміздің айналасын көгалдандыру аясында ... ақпан айларында әртүрлі гүлдердің түрлерін отырғызамыз және сол арқылы көгалдандырамыз. Биылғы бір қызық жағдай біз бірінші рет Қытай қызыл раушанын отырғызып көрмекшіміз. Ол қалай өседі, қалай жетіледі деген сияқты. 

Одан бөлек жылыжай жұмысын бастаған екі жылда оқушылар үш рет мол өнім алған. Соның арқасында көкөністер жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Сатылымнан түскен қаражат әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде үлестірілген.

Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев