Елордада Құқық қорғау органдары академиясына оқуға қабылдау басталды
Дәл қазір экономистер мен заңгерлер үшін іріктеудің екінші кезеңі жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үміткерлер осы аптаның соңына дейін құжаттарын тапсырып үлгеруі тиіс. Академияда болашақ прокурорлар 1 жыл бойы білім алады. Экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлықпен күрес бағыттары бойынша оқуға түскендердің бағдарламасы 6 айға созылады. Академия студенттерге барлық қолайлы жағдайды жасауға дайын. Яғни, білім алушылардың сабағы тегін, оларға шәкіртақы төленіп, тамақ және жатақхана беріледі. Бірақ кандидаттарға қойылатын талап та жоғары. Оқуға түсемін дегендер 35 жастан аспаған Қазақстан азаматтары болуы керек. Экономист немесе заңгер мамандығы бойынша бакалавр дипломы да міндетті.
Естеріңізге салайық, 2 жыл бұрын елде прокуратура, сыбайлас жемқорлықпен күрес және экономикалық тергеу қызметіне кадрларды іріктеудің жаңа моделі енгізілді. Енді бұл салада жұмыс істегісі келетіндер құқықтық органдар академиясын тәмәмдауы қажет. Бүгінгі таңда оқу орнын бітірген 550-ге жуық түлек жұмысқа орналасып үлгерді.
Магомед Акаев, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының институт директоры:
- Құқық қорғау органдары академиясына түсемін деген үміткерлер 6 кезеңнен тұратын ірктеуден өтеді. Алғашқы 5 кезең әр өңірде өткізіледі. Ал ең соңында олар Астанаға келіп, бізде емтихан тапсыруы тиіс. Қазір біздің 164 түлегіміз прокуратура органдарында тағылымдамадан өтіп жатыр. Тағы 220 адам академияда білім алып жатыр.