Алматыда студенттік жатақханалар құрылысының жобалық офисі ашылды

Енді қаладағы жатақхана құрылысына қатысты мәселенің бәрі осында шешіледі.

Сонымен қатар, жатақхана салу бойынша мемлекеттік тапсырыс шарттары мен механизмдері де өзгертілді. Жобалық офистің ашылуында үш жақты меморандумға қол қойылды.

Жобалық офистің ашылуына еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбаев, Университет ректорлары және мердігерлер қатысты. Минстрдің мәліметінше, елдегі жатақхана тапшылығы 75 мың орынға жуық. Оның басым бөлігі Алматыда. Өйткені қаладағы 36 жоғары оқу орнында 200 мыңға жуық студент бар. Жобалық офис жатақхана мәселесін бір жерден шешуге арналған.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Құрылыс жобасының кестесі бойынша жиналыстар ұйымдастырылатын болады үкімет деңгейінде. Мердігерлер мен жергілікті билікпен, әкімдітер мен біздің министрлікпен үйлестіруші форматта жұмыс істейміз. Күнделікті мәселелерді рұқсат алу, жер мәселелері, құрылыс, қаржыландыру сұрақтарын осында жіті бақылауда ұстап тұрамыз. 

Жобалық офистің тиімділігін көрген университет басшылары мен мердігерлер алғашқы меморандумға қол қойды. Мысалы, Сәтпаев университеті 950 және 1126 орындық екі жатақхана құрылысы бойынша үш жақты келісімге келді. Одан кейін Абай атындағы педагогикалық университет те осы жерден өз мердігерін тапты.

Дархан Біләлов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:

- Алматыда жатақхана салу үшін бірінші кезекте жер мәселесі бар. Екіншіден, инвесторлардың айтуынша, бұрынғы қаржыландыру тәсілдері тиімсіз болған. Қазір министрлік бұл салаға үлкен өзгеріс енгізгенін көріп отырмыз. Қаржыландыру көзі, жобаны жүзеге асыру жолдары жеңілдеген соң инвесторлар қызығушылық танытып отыр.

Алматыдағы студенттік жатақханалардың орын тапшылығы 32 мыңды құрайды. Қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 12 мың, 2030 жылға дейін тағы 20 мың төсек-орынға студенттер үйін салу жоспарланған.

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев